Маңғыстау, Алматы, Жетісу облыстарында тек шетелдіктерге арналған казино ашылады

Фото: comfoderm.ru

Вице-министр Мирас Төлебаев еліміздің үш облысында тек қалталы шетелдіктерге арналған казино ашылатынын мәлімдеді.

«Туризмді дамыту үшін Маңғыстау, Алматы, Жетісу облыстарында шетелдіктерге арналған ойын аймақтарын ашу жұмыстары пысықталып жатыр. Бұл казинолар ауқатты шетелдіктердің ағынын арттырады және туризм кластерінің басты орталығына айналады деп күтеміз. Дәл осындай Макао, Сингапур, Малайзия және Филиппин елдерінде туризмнің дамуына қосымша серпін беріп отыр. Мұндай тәсіл Қазақстанда да жеміс береді деп пайымдаймыз. Жаңа казинолар мыңдаған жұмыс орындарын ашып, миллиардтаған салық түсіреді», — деді Мирас Төлебаев.

Вице-министр бұл ойын аймақтарында тек казино ғана ашуға рұқсат етілетінін атап өтті. Оған Қазақстан азаматтары қатыса алмайды. Тек шетелдіктер ғана ойнауға рұқсат беріледі.

Ойын бизнесі және лотореяны реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әділет Тұрғанбаевтың сөзінше, бұл жобаларға Қытай, Ресей, Еуроодақ инвесторлары тартылуы мүмкін.

Инвесторларға казиноға қойылатын әр үстел мен ойын автоматтарына салынатын алым мөлшерін екі есе қысқартып, шетелдік туристерді ұтыстан алған жеке табыс салығынан босату көзделіп отыр.

Бұған дейін Маңғыстау облысында Баку мен Дубай тәжірибесі бойынша казинолар ашылатыны туралы айтылған.