Мамыр айындағы өзгерістер 103 қызметінің жұмысын түзете алады ма?

Фото: Ozgeris.info

2025 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанда мобильді медициналық бригадалардың жұмыс істеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, реформа тек төртінші санаттағы шақыруларды қамтиды. Ал азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл медициналық көмек алу құқығы шектелмейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар жедел медициналық көмек көрсету қызметінің жұмысын оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ жедел жәрдемге келетін шақырулардың басым бөлігі, яғни 50%-дан астамы, өмірге қауіп төндірмейді және төртінші санатқа жатады. Негізінен, бұл созылмалы аурулардың асқынуы, жоғары қан қысымы, температура, жеңіл жарақаттар және басқа да дереу араласуды қажет етпейтін жағдайлар.

Дегенмен елімізде жедел жәрдем қызметіне қатысты дау-дамай шешілер емес. Мамырдағы өзгерістер жедел жәрдем қызметінің жұмысын қайта жандандыра алады ма? Ozgeris.info тілшісі тарқатады.

103 қызметі бригадаларының кешігуі, медиктерге шабуылдар соңғы уақытта жиі кездесетін мәселелерге айналды. Ал автопарктің техникалық жағдайы бөлек әңгіме.

Бірнеше дәлел келтірейік. Астанада 2024 жылдың тамызында ер адам аяғы ауыр әйелі қанын жоғалтып жатқан уақытта жедел жәрдемді бір сағатқа жуық күткенін айтып шағымданған еді. Ақырында жедел жәрдемде орын жоқ екенін анықталып, жеке көлік келген. 103 желісінде жеке тасымалдаушылармен келісімшарт бар екендігі айтылған.

Павлодарда ұқсас жағдай орын алды. Қала тұрғындары қан қысымы және ыстығы  көтерілген науқасқа жедел жәрдемді шақыртқан. Сондай-ақ диспетчерге науқастың инсульт алғаны алдын ала айтылғанын, соған қарамастан 103 қызметі екі сағат бойы келмепті.

Медиктерге шабуылдар да тыйылмай тұр. 2024 жылы Астанада медиктерге шабуылдың тоғыз жағдайы тіркелген. Бір оқиға, мас күйдегі ер адам фельдшерге пышақпен шабуыл жасап, шақыру кезінде оған қауіп төндірген.

Былтыр Қостанайда жедел жәрдем фельдшері Әнел Баймұрзина шақырту кезінде соққыға жығылды.Анасы қайтыс болғанын естіген екі әйел фельдшерді ұрып тастаған. Фельдшердің айтуынша, оның миы шайқалып, самайында гематома пайда болып, бетінде түрлі жарақат алған.

2024 жылдың қаңтарында Қарағандыдағы шағын аудандардың бірінде Нұрболат Дәкебаев дәрігерлер бригадасымен бірге шақыртуға келген жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлын соққыға жықты. Төбелестен кейін айыпты оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция оны бірнеше күн іздеп, Қарағандыдан 200 шақырым жердегі ауылдан тапты. Сот оны кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойды, заң күшіне енді.

«Медицина қызметкерлері күнделікті қаншама адамдардың өміріне араша болып жатқанда, өздерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп қайдан келерін білмейді. Күнделікті өмірдегі қызметтері бір бөлек, елде төтенше жағдайлар орын алғанда да медицина қызметкерлері алдыңғы шепте жүреді. Оған дәлел COVID-19 және «Қанды қаңтар оқиғасы» кезіндегі абзал жандардың өз өміріне қауіп төнсе де басқаның өмірі үшін күрескен қызметтері адал. Сондықтан, оның айтуынша, адам өмірінің сақшысы саналатын медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс», – деді сенатор Амангелді Толамисов.

Ресми деректер бойынша 2019–2023 жылдар аралығында қызметтік борышын орындау барысында 158 медицина қызметкері зардап шекті: 2019 жылы – 5, 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 46, 2023 жылы – 80. Яғни, жыл өткен сайын артып келеді.

Ресурстардың жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елдегі жедел жәрдем автопаркының 44%-ы тозған. Астанада 145 көліктің тек 80-і жұмыс істейді, бұл қызмет көрсету уақытының кешігуіне әкеліп соғады.

Медиктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Қазіргі  уақытта  жедел  медициналық  жәрдем  қызметінің 2 450 санитарлық көлігі немесе 98%-ы GPS навигациясымен жабдықталған екен.

Жедел медициналық көмек көрсету саласындағы проблемалар біртіндеп мемлекеттік деңгейде мойындалып, оларды шешу үшін шаралар қабылданып жатқанын да айта кеткен жөн.

Жыл сайын салаға жаңа көліктер сатып алынады. Әсіресе мегаполистер мен ірі аудандарда. 2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі 700-ден астам көлік сатып алынғаны туралы есеп берді. Сатып алу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ жылдамдық жеткіліксіз, әсіресе шалғай және ауылдық жерлерде әлі де 70%-дан астамы ескі көліктер.

Интеллектуалды маршрутизация жүйелері де енгізілуде. Оның көмегімен ең жақын бригада тезірек жете алады.  Кезекшіліктегі бригадалардың жүктемесі, кептеліс, шақыру категориялары ескеріледі. Сарапшылардың пікірінше, бұл технологиялар тек ірі қалаларда жұмыс істейді, ал өңірлерде олар толықтай енгізілмеген немесе тек жартылай іске асырылған.

Енді 1 мамырдан бастап не өзгереді? Осыған жіті тоқталып өтейік.

  • мобильді бригадалар поликлиникаларда сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді; осы уақытта төртінші санаттағы шақырулар осы бригадалармен қызмет көрсетіледі;
  • поликлиникалардың жұмыс уақытынан тыс уақытта (20:00-ден кейін, демалыс және мереке күндері) барлық шақырулар, соның ішінде төртінші санаттағы шақырулар, жедел жәрдем қызметіне қалады.

Осылайша, өмірге қауіп төнген жағдайда шұғыл медициналық көмек бұрынғыдай тәулік бойы, демалыссыз және 103 нөмірі арқылы қолжетімді болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шақыруларды категорияларға бөлу жедел жәрдем қызметінің ресурстарын тиімді пайдалануға және пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өмірге қауіп төнген жағдайда көмек бұрынғыдай қысқа уақыт ішінде көрсетіледі.

Бірінші санаттағы шақыруға нормативті келу уақыты — 10 минут, екінші санатқа — 15 минут, үшінші санатқа — 30 минут. Төртінші санатқа мобильді бригаданың келу уақыты — 60 минутқа дейін.

“Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мобильді бригадалары (ПМСП) тек шақыруларды орындаумен қатар, пациенттерді үйіне жоспарлы түрде қабылдайды. Бұл созылмалы аурулары бар және үнемі бақылауды қажет ететін адамдар үшін өте маңызды. Бригадалар әр 25 мың тұрғынға бірден есептеліп, азаматтарды тұратын немесе шынайы тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсетеді — нақты поликлиникаға тіркелу маңызды емес”, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Бригадалардың құрамында балалар үшін педиатрлар, ересектер үшін кардиологтар, невропатологтар және пациенттің жағдайына байланысты басқа да дәрігерлер болуы мүмкін. Мұндай тәсіл нақты әрі мақсатты көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның жедел медициналық көмек қызметі 2,1 миллионнан астам шақыруды орындады. Оның ішінде: төртінші санаттағы шақырулар — 763 463, оның 518 мыңнан астамы ПМСП мобильді бригадаларымен қызмет көрсетілді; бірінші санаттағы шақырулар (ең шұғыл) — 104 443; екінші санат — 642 312; үшінші санат — 574 580.

Осы кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6%-ға дейін өсті, бұл жылдам көмекті көрсету сапасы мен тиімділігінің артқанын көрсетеді.

“Жедел медициналық көмек шақыруы әр адамның көмекке мұқтаж болған жағдайда қолжетімді болып қала береді. Өзгерістер жүйенің тиімділігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және барлық деңгейлерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған”, — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ, олар жедел жәрдем қызметінің реформасы ресурстарды шынымен де қауіпті жағдайларға бағыттап, сонымен қатар төтенше емес, бірақ көмекке мұқтаж жағдайлары бар пациенттерге тиісті назар аударуды қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.