Белгілі әнші Қарақат Әбілдина Малайзияда өтетін бизнес-форумда ұлттық құндылықтар жайында баяндама жасайды. Әнші бұл туралы Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
«Малайзияның Куала-Лумпур қаласына ұлымды ертіп жолға шығып барамын. Бұл сапардың мен үшін маңызы ерек, жөні бөлек. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайына қатысу туралы шақырту алған сәтте алдымен таңырқағаным рас. Өйткені бұл жерде мемлекеттік маңызы бар шарада ұлттық құндылықтарымыз жайында баяндама жасауға ұсыныс түсті. Ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеп, халық әндерін эстрадамен ұштастырып, қазақ қызының қос бұрымындай болған өнерім мен өмірім арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген өнер адамы ретінде және көп балалы ана екенімді ескеріп, маған таңдау түскен екен. Осылай, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен сол елдегі қазақ қауымдастығы және Отандастар Қоры ұйымдастырған шараға шақыртуды қабыл алып, үлкен жауапкершілік алып отырған жайымыз бар. Азия елдеріндегі отандастарымыздың басын қосатын бизнес-форумда мен қазақтың салт-дәстүрін сақтанып жүрген және қазіргі заманға сай атқарып жүрген адам ретінде, ұлттық құндылықтарымыз туралы білгенімізді баяндаймын. Бұл мен үшін тың бастама, жаңа қадам болмақ. Сәттілік тілеп қойыңыздар, жақсы адамдарым!», — деп жазды әнші.
Ал желі қолданушылары Қарақат Әбілдинаға сәттілік тілеп, оның мұндай ұсынысқа әбден лайық екенін жазуда.
Керемет! Жолыңыз ақ болсын! Еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу өте маңызды мәселе деп есептеймін.Сіз бұл ұсынысқа лайықтысыз.Аллам өзі қолдап, сәттілік серігіңіз болсын!
Иә, әртістер тек білгенін айтады!
Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтарын зерттеуге өмірін сарп еткен ғалымдарымызды жіберсе, тиімділігі тыңдаушы жұрт арқылы олардың елдерінің алдында Қазақстан Республикасының мәртебесін көтеруге де, жіберген ғалымымыздың тәжірибесін байытуға да, мемлекеттік бюджеттің іссапарға шығарған шығынының қайтарымының тиімділігін арттыруға да пайдасы зор болар еді.
Елден кетті деп неге өтірік жазасыңдар?! Алаңсыз кетіп бара жатқан жоқ екенін білесіңдер, сонда да өтірік дабыра жасайсыңдар неге?! Елдің назарын аудару үшін өтірік атуға болады, бүкіл халықты алдауға боладыдеп есептейсіңдер ме?!