Майқайыңда соңғы құтқарушының денесі табылды, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов хабарлады.
«Бүгін сағат 16.20-да «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы — жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді», — деп жазды өңір әкімі Желідегі парақшасында.
4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін 7 ай уақыт өтті.
«Осы уақыт ішінде, қаза болған жандардың туыстары сияқты, біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін. Жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтамын. Өкінішке қарай, адамдарды құтқаруға деген үміт қайғыға алмасты», — деді Байханов.
Іздестіру жұмыстарына әр түрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылды, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде сағат 16:05-те экскаватордың көмегімен топырақты шығару кезінде 75 метр тереңдікте жүргізушінің денесі табылып, сараптамаға жіберілді. Жұмыстарға әртүрлі қызметтердің 200-ден астам қызметкері тартылды. 180 мың тоннадан астам тау массасы шығарылды. Бұл шағын экскаваторға автобустың орналасқан жеріне түсіп, жұмысты бастауға мүмкіндік берді», – деді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ПІКІР ЖАЗУ