Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшанов Париж олимпиадасында өнер көрсеткен боксшылардың сәтсіздігіне бас бапкерді кінәлады. Бұл туралы ол Assyltas TV youtube-арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшанов Париж олимпиадасында сәтсіз өнер көрсеткен Махмұд Сабырханның жеңілісіне бас бапкер Мырзағали Айтжанов кінәлі екенін және оны 57 келіге жіберіп қиянат жасағанын айтты.
“Екі жағдайға бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың кінәсі бар. Тікелей оны айта аламын. Біріншіден, 51 келідегі Махмұдты 57-ге өткізіп қойды. 57 келідегі Сәкенді 51 келіге алып келді. Сәкен қай салмақта болса да бойы ұзын. Керісінше оны 57 келіде ұстау керек еді. Ал Махмұд 51 келіде болғанда өзбекті де жеңетін еді. Ол бір ерекше бала . Мырзағалидың осы шешімі ешқашан кешірілмейтін нәрсе, тікелей қиянат жасады” – деді Амалбек Тшанов.
Айта кетейік, Париж олимпиадасында Қазақстан құрамасы бір күміс пен қола жүлдені қанағат тұтқан еді. Сәкен Бибосынов ширек финалда жеңілсе, Махмұд алғашқы айналымда испаниялық боксшыға есе жіберді.
ПІКІР ЖАЗУ