Маңғыстаулық азамат жаралы аққуды үйіне әкеліп баққан

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Тәжен ауылының тұрғыны Қалыбай Сәрсенов ауылдан екі шақырым жерден үйірінен адасып, әлсіреп ұша алмай қалған жалғыз аққуға көмек қолын созды, деп хабарлайды «ozgeris.info».

— Ұша алмай сұлап жатқан жалғыз аққуды көріп, көлігіммен үйіме алып келдім. Себебі, ол далада қалса түлкі, қарсақ басқа да жыртқыш аңдарға жем болар деп ойладым. Халқымыз аққуды махаббаттың, тазалықтың символы ретінде қастерлейді ғой. Аққуды ауламдағы жылы қорама салып су, нан бергеннен кейін 5-6 сағатта өз-өзіне келіп, әлденді, — дейді Қалыбай Сәрсенов.

Бүгін Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Қаланбай Орынбаевтың көмегімен аққу еркіндікке, табиғат ана құшағына қайта жіберілді.

«ozgeris.info»