Маңғыстау облысында құрылыс талаптарын өрескел бұзған компаниялар сот шешімімен құрылыс-монтаж жұмыстарынан шеттетілді.
Аймақта былтырдан бері құрылыс саласы қатаң бақылауға алынды. Құзырлы мемлекеттік орган тексерулер жүргізіп, көптеген заңбұзушылықты анықтаған. Сотқа 35 талап-арыз беріп, соның 33-і қанағаттандырылды. Нәтижесінде 5 ғимарат сүрілді. Қалған нысандар да сот шешімімен бұзуға жіберілген.
Сондай-ақ, 6 құрылыс компаниясы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айрылып, тағы 5 мекеме лицензиясынан өз еркімен бас тартқан.
– Бұл компаниялар құрылыс нормаларын өрескел бұзды. Біздің тараптан бірнеше рет берілген ескертуді де елемеді. Сондықтан құжаттар сотқа тапсырылған болатын. Тексерулер кезінде одан бөлек, техникалық қадағалаушы мекемелерге қатысты да заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы,1 аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекеменің аккредитациясының күші жойылып, 2 техникалық қадағалаушы сарапшының аттестаты 6 айға тоқтатылды. Жалпы сомасы 124 958 500 теңгені құрайтын 400 ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды, — деді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Былтыр Ақтауда заңсыз салына бастаған 5 құрылыс сүрілген болатын. Оның бірі – қонақ үй, қалғаны – тұрғын үй кешендері. Мамандар қадағалауды одан әрі күшейтпек. Сондықтан қажетті құжаттары жоқ немесе қала құрылысы және құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып салынған объектілерді тексеру жалғасады.
Фото: kursiv.media
ПІКІР ЖАЗУ