Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Талқылаудан кейін депутаттар құжатты қабылдады.
2023 жылғы 13 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағының орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған. Оны әзірлеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіру және трансферттік баға белгілеу мен капиталды елден шығаруды бақылау шараларын күшейту.
Заң нормаларын іске асыру халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операциялармен байланысты келісімшарттарда мемлекеттік кірістің жоғалуын болдырмауға оң әсер етеді.
«Мәжілісте атқарылған жұмысқа оралатын болсақ, жалпы заң жобасы бойынша жұмыс тобына 30-ға жуық ұсыныс келіп түсті. Барлық ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстарында қаралды», — деді Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі
ПІКІР ЖАЗУ