Мұхтар Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға оралды, деп хабарлайды Қазақстанның Бас прокуратурасы.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Алматы әуежайында Қазақстанға өз еркімен оралған сыбайлас және Әблязовтың туған ағасы Мұхтар Қуаныш Нұрғазин ұсталды.
«Нұрғазин — Әблязовтың бақылауындағы ВЅС ЖШС номиналды директоры. Осы компанияға заңсыз кредит беру арқылы Әблязов пен оның сыбайластары БТА Банкінің аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатын ұрлап әкетті. Сотталушы бола тұра, жазылымды бұза отырып, Нұрғазин қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында соттан қашып кетті», — деп хабарлады ведомстводан.
Ресми мәліметтерге сәйкес, ол 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, босқын мәртебесін алған.
«Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін тергеу изоляторына қамалды. Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оған бұлтартпау шарасын үй қамағына алу деп өзгертті», — делінген Қазақстан Бас прокуратурасының хабарламасында.
Жақын арада негізгі сот талқылауы қайта басталады деп хабарланды.
ПІКІР ЖАЗУ