Ақтауда 100 жас маманмен «Алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету керек?» тақырыбында практикалық кездесу өтті. Кездесуге Маңғыстау облыстық және шұғыл медициналық жәрдем станциясының» фельдшері Г.Базаева және И.Орашова келді.
Алғашқы медициналық көмек — дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында зардап шеккен адамға көрсетілуі керек шаралар кешені. Осы орайда мамандар мұғалімдерге оқыс оқиға болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетудің жолдарын түсіндірді.
Атап айтқанда, адамнан қан кетсе, ең алдымен оны тоқтатуға тырысу керек. Себебі көп қан кету адам өміріне қауіпті. Ал сүйек сынғанда сүйектің тұтастығын қалпына келтіруге, қан кетуді тоқтатуға, жараны антисептикалық өңдеуге, аяқ-қолды иммобилизациялау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар алғашқы көмек көрсеткенде науқастың қосымша ауырсынуына жол бермеу керек. Науқасты медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге өте мұқият жеткізу қажет екенін ескертті.
Шара барысында мұғалімдер толғандырған сұрақтарын қойып, пікірімен бөлісті.
Айта кетейік, кездесу «Жас маман» жобасы аясында өткізілді. Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бірлесе ұйымдастырып жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ