Экология және табиғи ресурстар министрі “экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның компаниясы елордада қоқыс шығарумен айналысып жатыр ма” деген сұраққа жауап берді.
Үкімет отырысынан кейін журналистер Нысанбаевтан “Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығарумен айналысып жатыр ма?” деп сұрақ қойды.
«Жоқ, ол бұл іспен айналыспайды», — деп қысқа жауап берді министр.
«Сіз Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайтынын айтып өттіңіз. Бірақ егер мемлекеттік сатып алу сайтына кірсеңіз, 2023 жылы жасалған ондаған келісімшартты көресіз. Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығаруды жалғастыруда. Бұл қалай болғаны?»- деп сұрағын нақтылады журналист.
«Менің ақпаратым бойынша, бүгінде Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды. Егер ақпарат болса, мен оны бөлек сенімен талқылауға дайынмын. Жаңа жағдайларды ескере отырып, мен қалай болып жатқанын тағы да тексеріп көремін», — деп сендірді Нысанбаев.
Бұған дейін Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығару бойынша қызмет көрсетіп, қоқысты жағу бойынша зауыт салуды ұсынғаны хабарланған болатын. Нысанбаев брифинг барысында қазір Қазақстанда қоқыс жағатын кәсіпорын салу жоспары жоқ деп жауап берді.
ПІКІР ЖАЗУ