Антикор Қазақстанның футбол клубтарының шығындарын талдап, бюджет қаражатын бөлу кезінде елеулі жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Соңғы алты жылда «Астана» ФК делдал-агенттерге, Түркия мен Дубайдағы жиындарға, сондай-ақ футбол алаңын жалға алуға 50,1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі CMN.kz сайтына сілтеп.
2018-2023 жылдар аралығында футбол клубтарына бюджеттен 200 млрд теңге бөлінсе, УЕФА, ФИФА және букмекерлік компаниялардан 31 млрд теңге түсті. Алайда бұл қаражатты бөлу және жұмсау жөніндегі ақпарат жеткілікті түрде ашық емес.
Талдау нәтижелері өз инфрақұрылымын құрудың орнына көп миллиардты бюджет қаражаты өнімді емес легионерлерді ұстауға, шетелдік алымдарға, жоғары төлемдерге, қымбат агенттік және өзге де қызметтерді сатып алуға жұмсалғанын көрсетті.
2018 жылдан бастап қаражаттың басым бөлігі еңбекақы төлеуге жұмсалды — 33,1 млрд теңге. Олардың арасында Антикор агенттік төлемдерден елеулі тәуекелдерді тапты.
«Тек «Астана» футбол клубы ғана соңғы 5 жылда делдал-агенттерге футболшыларды тартқаны үшін 4,5 млрд теңге төледі», — деп мәлімдеді Агенттіктің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Бұдан басқа, шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына да едәуір қаражат бөлінді. 2018 жылдан бастап футбол клубтары осындай іс-шараларға 6,4 млрд теңге жұмсады.
Мысалы, «Астана» ФК осы мақсатқа Түркия мен Дубайға жиынға бара отырып, шамамен миллиард теңге бөлді. Кәсіптік клубтардың мұндай саясаты спорт инфрақұрылымын дамытуға арналған ресурстарды шектеді.
«Ең қымбат «Астана» футбол клубының өз академиясы мен футбол алаңы жоқ. Нәтижесінде клуб футбол алаңдарын жалға алуға 6 жыл ішінде (2018-2023 жж.) шамамен 1,4 млрд теңге жұмсады», — деп хабарлады Агенттікте.
Бұл кезде басқа клубтар миллиондаған сыйақылар жазып берген.
«Ақтөбе облысында «»Ақтөбе» облыстық футбол клубы» АҚ Басқарма төрағасы «NetBet» ЖШС атынан демеушіні тартқаны үшін 40,4 млн теңге көлемінде сыйақы төледі «, — деп хабарлады ведомстводан.
Жүргізілген талдаудан кейін бұл ақша сот тәртібімен өндіріліп алынып, өңірдегі балалар футболын дамытуға жұмсалды.
Антикор Туризм және спорт министрлігіне кәсіби спорт клубтарындағы легионерлердің үлесін қысқарту және қаражатты бұқаралық (балалар мен жасөспірімдер спортына) қайта бағыттау, жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.
Министрлік қазірдің өзінде Антикордың ұсыныстарымен айналысуда. 13 қарашада Мәжіліс легионерлерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
ПІКІР ЖАЗУ