Lamborghini үстінен секірмек болған блогердің өлімі: іс сотта қарала бастады

Коллаж Ulysmedia

Lamborghini-дің үстінен секіру трюгі қайғылы аяқталған оқиға бойынша сот процесі басталды. 22 жастағы блогер Батырхан Ержановтың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Айыпталушы — трюк орындалған көлікті басқарған 45 жастағы жүргізуші. Ол Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен жауапқа тартылуда. Егер кінәсі дәлелденсе, оған 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды ozgeris.info сайты buzyq порталына сілтеп.

Марқұмның туыстары айыпталушыдан 220 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы талап етуде. Сонымен қатар, олар Lamborghini көлігінің иесі Бейбіт Әлібековті де жауапкершілікке тартуды сұраған. Алайда сот бұл талапты қараусыз қалдырды. Қазір сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салсақ, өткен жылдың күзіде Алматы маңындағы «Сокол» автодромында Батырхан Ержанов трюк жасау кезінде ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған болатын.