Инновация

Тоқаев Digital Bridge форумында Sәlem-нің жасанды интеллект жобасын көрді

Sәlem Entertainment Digital Bridge 2025 форумында жасанды интеллект жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Астанада өткен Digital Bridge 2025 форумында Sәlem Entertainment медиакомпаниясы жасанды интеллект саласындағы жаңа бастамаларын ұсынды. Бұл шара кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес отырысына қатысып, отандық және шетелдік компаниялардың цифрлық әзірлемелер көрмесін аралап көрді.

Sәlem Entertainment бас директоры әрі продюсер Игорь Цай компанияның жаңа бағыттарының бірі Sәlem AI жобасы туралы айтып берді. Ол көрермендерге жасанды интеллект көмегімен жасалған генеративті контентті көрсетті.

Игорь Цайдың айтуынша, компания сериалдар мен фильмдерді өндіру және таратуда халықаралық тәжірибелерді енгізіп келеді. Биыл олар Google (Alphabet) компаниясының VEO3 бөлімшесімен бірлесіп, жасанды интеллект арқылы контент өндіру технологияларын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл бастама аясында Sәlem инженерлер мен арт-директорларды даярлауға, сондай-ақ вертикалды форматтағы тәжірибелік сериалдарды қаржыландыруға басымдық беріп отыр.

Digital Bridge 2025 форумы Қазақстандағы цифрлық технологиялардың даму қарқынын көрсетті. Сондай-ақ іс-шарада отандық бизнес өкілдері мен ұйымдардың жасанды интеллекттің ұлттық экожүйесін қалыптастыруға қосып жатқан үлесі де атап өтілді. Осы бағытта Sәlem Entertainment медиа, технология және білім салаларын біріктіріп, өз үлесін қосуда.

 
Барлық жаңалық