Шоу-бизнес

Димаш Құдайберген Мексикада тұсаукесер рәсімін өткізді

Димаш Құдайберген Мексикада тұсаукесер рәсімін өткізді

9 қазан күні Мексикадағы жеке концерттері арасындағы үзілісте Димаш Құдайберген Қазақстанның Мексикадағы елшілігінде қазақ диаспорасының өкілдері мен жергілікті журналистермен кездесті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

 

Басында Мексикадағы Қазақстан елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Димашты және жиналған қонақтарды жылы лебізбен қарсы алды:

 

«Қадірлі Димаш, Сізді Мексикадағы алғашқы жеке концертіңіздің сәтті өтуімен құттықтаймын. Концерт өте жоғары деңгейде өтті, залдағы көрермен сіздің өнеріңізге тәнті болды. Барлығына қатты ұнады. Ертең тағы бір концертіңіз бар, ал сіздің кестеңіз өте тығыз екенін білеміз. Соған қарамастан бүгін елшілікке келіп, осындағы отандастармен кездесу өткізгеніңіз үшін үлкен рақмет. Мұнда біздің санымыз аз, сондықтан сізді қабылдау және осындай кездесуді ұйымдастыру — біз үшін үлкен мәртебе».

 


Кездесу барысында Димаш шын жүректен алғыс білдірді:

 

“Кеше мен үшін ғана емес, бүкіл еліміз бен мәдениетіміз үшін ерекше күн болды. Сіздердің қолдауларыңызсыз мұның бәрі мүмкін болмас еді. Үлкен рақмет!”, – деді ол.

 

Әншінің айтуынша, 2017 жылы Қытайда алғаш сахнаға шыққан күннен бері жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ мәдениетін насихаттап, үлкен еңбек етіп келеді.

 

“Осы еңбектің арқасында мені бұрын танымайтын көптеген адам шығармашылығыммен танысты. Енді мен әлемнің әр түкпірінде үлкен сахналарда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдым,” – деді Димаш.

 

Жарияланған суреттерге қарағанда, кездесуде әнші тұсаукесер рәсімін өткізіп, келгендерге қолтаңба берген.

 


Барлық жаңалық