Алматыдағы Қарасу шағын ауданында жеті жасар Айзере Ибраеваны қағып өлтірген Renault жүк көлігінің жүргізушісі түрмеден босап шықты. Сот үкімімен кесілген 2,5 жылдың тек бір жылын ғана өтеген ол жазаның қалған бөлігін айыппұлмен өтеп, үйіне қайтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 2 сәуірінде болған еді. Сегіз жасқа толуына санаулы күндер қалған Айзере мектептен қайтып келе жатып, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болады. Жолдың арғы бетінде анасы күтіп тұрған. Алайда кенеттен шыға келген автобустан шошып, шегіншектеген қыз бала сол сәтте қозғала бастаған ауыр жүк көлігінің астына түсіп, анасының көз алдында жан тәсілім етті.
Сот шешімі және өтемақы:
-
Бастапқыда жүргізушіге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген;
-
Өткен жылдың қарашасында сот оны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға соттады;
-
Айзеренің ата-анасы 18,2 млн теңге моральдық шығын талап еткенімен, апелляциялық сот бұл соманы 5,5 млн теңгеге дейін азайтты;
-
66 жастағы жүргізушіге 5 жыл бойы көлік басқаруға тыйым салынды.
Бұл ақпаратты жүргізушінің адвокаты Камилла Думчебаева әлеуметтік желіде жариялап, мұны "үлкен жеңіс" деп атады. Алайда желі қолданушылары адвокаттың бұл сөзіне шүйлігіп, кішкентай баланың өлімі болған жерде "жеңіс" туралы айту орынсыз екенін ескертті.