Атырау облысының Еркінқала ауылында есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының қызметкерлері 32 жастағы ҰҚК департаментінің жедел уәкілін ұстады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azh.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне қарағанда, ол Жайық өзенінің жағасына жақын маңда тоқтатылған. Күдік бойынша, ол жерге «қойма» жасамақ болған. Жеке тінту кезінде одан ерекше иісі бар, ақ түсті ұнтақ салынған, салмағы шамамен бір килограмм болатын пакет табылған.
Сараптама жүргізу үшін оның қолынан, тырнақ астынан және киім қалталарынан алынған матадан сынамалар алынды. Сол күні тәртіп сақшылары күдіктіге тиесілі Hyundai Sonata автокөлігін де тексеріп, жүк салғышынан ақ және сары түсті ұнтақтары бар, әрқайсысының салмағы 100 грамнан кем емес екі қаптама тапқан.
ҰҚК ресми түрде бұл деректі растады: аталған қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. «Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі, алайда өзге мәлімет беруден бас тартты.
Атырау облыстық полиция департаменті де ақпараттың шектеулі екенін айтып, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес, мәлімет тек прокурордың келісімімен жария етілуі мүмкін екенін атап өтті.
Ал облыстық прокуратура әзірге ресми жауап берген жоқ. Аймақ прокурорының бірінші орынбасары біздің сауалды ҰҚК департаментіне жолдап, енді ресми түсініктеме комитет төрағасының бірінші орынбасары А.Мұкашевтан күтіліп отыр.