Елордада полиция қызметкерлері масаң күйде көлік айдаған жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Оқиға түнгі уақытта болған. Hyundai маркалы автокөлікті 17 жастағы бозбала басқарған. Ол рөлге жүргізуші куәлігінсіз отырып, алкогольдік ішімдік ішкені анықталды.
Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімге қатысты бірқатар әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, оның заңды өкілдеріне де жаза қолданылды – бала түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүргені және алкоголь тұтынғаны үшін ата-аналық міндеттерін орындамағаны анықталды.
Көліктің иесі болып табылатын әпкесі де жауапкершіліктен құтылған жоқ. Ол көлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін заң алдында жауап беретін болды.
Құқық қорғаушылар ата-аналарды балаларына қырағылықпен қарауға шақырды. Полицияның айтуынша, мұндай әрекеттер жасөспірімнің өміріне ғана емес, жолдағы басқа адамдарға да зор қауіп төндіреді.