Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мақтаны толық әрі шығынсыз жинау үшін елде 10 күндік төтенше жағдай енгізді. Биыл 875 мың гектар жерге мақта егілгенімен, кейбір аймақтарда өнім жинау қарқыны баяу жүріп жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
Сурхандария, Хорезм, Ферғана және Әндіжанда жағдай қанағаттанарлық деп танылса, Самарқанд, Сырдария және Навои облыстарында нәтиже төмен. Жинауға 900-ден астам техника тартылған, фермерлерге жанармай мен тыңайтқыш жеңілдікпен беріліп жатыр.
Ауыл шаруашылығын қолдау қорының өкілі Абдурашид Исроиловтың айтуынша, биыл қытайлық мақта сорттары егілген. Сол өнімді шығынсыз жинап алу үшін арнайы режим енгізілді. Жұмысшыларға еңбекақы күн сайын қолма-қол төленеді, техниканың шығыны да күн сайын өтеледі. Төлемдер тікелей егіс басында беріледі.
Министрліктің дерегінше, техникамен жиналған мақтаның әр келісіне 1373 сум (шамамен 61 теңге), қолмен жиналғанына 2000 сум (шамамен 89 теңге) төленеді. Ал шығынды жабу үшін әр келіге 1000 сум (44 теңге) көлемінде субсидия қарастырылған.