Қызылорда филармониясы картинаны сегіз есе қымбат бағаға алмақ болған

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың алдын алып, 55,1 миллиард теңгені сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 миллиард теңге көлемінде артық шығындардың алдын алды. Оның 26 миллиард теңгесі бюджетке қайтарылған, қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарап, жоспарланған бағаларды төмендеткен немесе сол сомаға сатып алынатын тауарлар санын көбейткен», — деп жазылған хабарламада.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 230 миллион теңгенің заңсыз шығынының алдын алыды. Петропавл қаласындағы телемұнараға жарықдиодты жабдықтарды орнату жұмыстары ТЖ жою сылтауымен жүргізілгені анықталды. Алайда, бұл жұмыстардың төтенше жағдаймен еш байланысы болмаған. Нәтижесінде келісімшарт бұзылып, бюджетке қаражат қайтарылды.

Қарағанды облысындағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 18 мың бөтелке үстел сірке суын 9 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл көлем мекеменің (барлығы 460 адам) қажеттілігінен әлдеқайда жоғары болған. Сонымен қатар, бір бөтелкенің құны нарықтағы 300 теңгенің орнына 500 теңгеге бағаланған, бұл шығынды 3,5 миллион теңгеге арттырған. Антикордың араласуынан кейін сатып алу тоқтатылып, бюджетке 9 миллион теңге үнемделді.

Қызылорда облыстық филармониясы 300 қабырға картинасын 48 миллион теңгеге (әрқайсысы 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Нарықтағы орташа баға бір картинаға 20 мың теңгені құрайтынын ескерсек, жалпы артық шығын 42 миллион теңгені құрады. Антикордың ұсынысынан кейін бұл сатып алу да тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.