46 мың теңгеге кім күн көре алады? Экономист Дүйсенованың жұмысын жоққа шығарды

Фото: ozgeris.info
Белгілі экономист Меруерт Махмұтова жер көкке сыймай мақтап жатқан Тамара Дүйсенованың жұмысын  жоққа шығарды.
Оның айтуынша Дүйсенова көп жыл көзбояушылықпен айналысқан. Әртүрлі әлеуметтік салаларға жауапты болғанына қарамай, осы уақыт ішінде не кедейлік деңгейін, не жұмыссыздық деңгейін анықтай алмаған.
«Дүйсенова көп жыл көзбояушылықпен айналысты. Бізде не кедейлік, не жұмыссыздық анық белгіленбеген. Ең төменгі жалықыны анықтап жатырмыз дегеніне 4 жыл өтті, аяғы былтыр қалай 85 мың болды, биыл да сол 85 мың қалтырды. Күн көріс деңгейі 46 мың — оған кім күн көре алады? Ең төменгі зейнет ақы — 62 мың теңге. Ол зейнеткер қалай өмір сүріп жатыр? Қай жетістікті айтып отырсыңдар? Жер көкке сидырмай мақтап жатыр, үндемейін десең, шыдамайсың», — деп жазды экономист. 
Айта кетелік, кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Тамара Дүйсенова Президент көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Дүйсенова 2023 жылдың 2 қыркүйегінен бері Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған еді. Оның орнына вице-Премьер болып Президент жарлығымен Ермек Көшербаев тағайындалды, ол бұған дейін ШҚО-ның әкімі болған.