Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», — деп бекерден-бекер айтпаған. Орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады. Жаныңда жүр жақсы адам демекші, кейде біз жанымызда жүрген жақсы адамдардың іскерлік қасиетін бағалай алмай жатамыз. Біріміз оның жасап жатқан жұмысына іштей сүйсінсек, енді біріміз өзімізше мойындамаймыз. Әйтсе де, барды бар, жоқты жоқ деп айтқанға не жетсін …
Иә, көптен бері жаныма жалау болған осы бір ұзын бойлы, аққұба келген нағыз офицер жайлы жазуды ойлап жүр едім. Бүгін соның сәті түсіп, өзгеше құрметпен қарайтын әріптесім туралы қалам тербеп отырмын.
Полковник Дәурен Қуанышұлының есімі Шекара академиясы мен қатар ҰҚО және Шекара қызметіндегі әскери қызметшілерге жақсы таныс, тұлғалық қасиет қалыптастырған біртуар азамат. Шекарашы курсанттарға саналы тәрбие беруде өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, бастамашыл іс-әрекетімен абыройлы қызмет атқарып жүрген тәжірибелі шекарашының тынымсыз еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол ұжымда жанының тазалығымен, көңілінің адалдығымен, қарапайым мінезімен және қызметтегі білгірлігі үшін үлгі тұтып сыйлайтын, әрдайым білікті маман ретінде ерекшеленеді.
Біз әңгімелеп отырған Дәурен Қуанышұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында қызмет етеді. Тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары лауазымында. Тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған тәрбиеші офицер. Аталмыш оқу орнының 1998 жылғы түлегі. Өзінің айтуына қарағанда, курсант кезінде оқыған 4-оқу дивизионында курсанттар көп болған соң бұларды басқа әріптестері «Монголы» деп атаған екен.
Ол өз кезегінде талай рет оқу дивизиондары арасында және қалааралық ұйымдастырылған КВН ойындарына қатысып, көпшіліктің көңілінен шығып өнерпаз атанған. Кейіннен қызмет атқара жүріп, курсанттарды осы өнерге баулып, бірнеше рет жүлделі орындарға қол жеткізіп, сонау Ресей Федерациясының Сочи қаласына дейін барып, курсанттардың өнерін паш етіп келген.
Алғашқы «лейтенант» әскери шенінен «полковник» шеніне дейін жеткен шекарашы кез келген істе алдына қойған мақсатына жетпей қойған емес. Бір нәрсені ойына алды ма, соны аяғына дейін жеткізбей тынбайтын тынымсыз жан. Бүгінде оның бастамашылдығымен Шекара академиясында көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда: Шекара академиясы эмблемасының эскизін және кәдесый бұйымдарының дизайнын жасауды және бітіруші түлектерге арнайы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын салтанатты түрде табыс ету рәсімін дәстүрге айналдырды.
Сонымен қатар, шекарашы офицердің келіссөздер жүргізудегі шеберлігінің нәтижесінде ару қаламыз Алматыдағы Халық банктың «FREEDOM LIFE» қызметкерлерімен ортақ мәмілеге келіп, қаржылай қолдау көрсетуді ұйымдастырып, екі бірдей психологиялық түзету және оңалту зертханасының пайдалануға берілгенін айта кеткеніміз жөн.
«Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубы мен Шекара академиясының Әйелдер қауымдастығы ұйымының жүзеге асуына да Дәурен Қуанышұлы тікелей себепші болды.
Шекара академиясының оң имиджін қалыптастыру мақсатында абыройын асқақтатып, беделін биіктететін видео роликтерді монтаждап, әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жариялап тұруды әдетке айналдырған креативті офицер кейінгі жастарға жиған тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Ұжымда «басқарма энциклопедиясы» деп жас офицерлер кейіпкеріміздің ақыл-кеңесіне жүгінуді үрдіске айналдырған. Өз кезегінде олар да кез келген уақытта жолығып, өз ойларын ортаға салып, әрдайым көңілге қонымды, толыққанды кеңес алып тұрады.
Дәурен Белгожаевтың бойындағы айта кететін тағы бір ерекшелігі — оның тұла бойы толған идея. Ол өз мамандығын жете меңгерген, жинаған тәжірибесі мол тәлімгер. Әсіресе, оның ұйымдастырушылық қабілеті ерекше дамыған. Мысалы, наурыз айында Шекара академиясының қабырғасында өткен Халықаралық ТМД Шекара әскерлері қолбасшылығы кеңесінің өкілдеріне ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны ТМД Шекара әскерлері кеңесінің төрағасы армия-генералы В.Кулишовтың өзі жоғары бағалап, марапаттаған.
Ғасырға жуық тарихы бар Шекара академиясының тоқсан жылдығына орай Академияның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды кітаптың жарық көруіне тікелей ат салысқан Дәурен Қуанышұлы, мұндағы орыс тілінде жазылған әр материалды оқып, ондағы кемшіліктерді, жетіспей тұрған жерлерді көрсетіп, мерейтойлық кітаптың сапалы болып шығуын мықтап қолға алды. Ол мұнымен де тоқтап қалмады, әрқашанда ізденісте жүретін білікті офицер ұжымдағы әріптестері мен бірігіп, академия аумағындағы стендтер мен баннерлердің, оқу дивизиондарының мәдени-ағарту мүліктерін және «Ерлікпен қаза тапқан Шекара академиясының түлектері» туралы мемориалдық ескерткіш тақтаның бой көтеруін толықтай қамтамасыз етілуіне ат салысты.
«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі», — деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы Шекара академиясының өзіндік басылымы болып табылатын «Академия: Бүгін. Ертең. Кеше.» атты айлық газетінің бүгінде өз жалғасын тауып жарық көруіне қолдау білдірген тәрбиеші офицер, жақында ғана ҰҚК баспасөз қызметімен келісіп, іске қосылған телеграм-каналының құрушысына айналып үлгерді. Сондай-ақ Академия тарихынан хабардар ететін суреттер мен көмкеріліп, сапалы безендірілген тоқсан сайын жарық көретін альбомның шығуына бастамашы болған Д.Белгожаев, курсанттық әнұранның шығуына себепкер.
Әріптесіміздің өз ісінің майталманы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оның ұжым алдындағы атқарып жатқан жұмыстарын айта берсек бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Біз ең маңызды дегендеріне ғана тоқталып өттік. Бұдан басқа да белсенділік танытып, атқарып жатқан істері жетіп артылады.
Ал адамгершілігі тұрғысынан сыр шерте кетсек, бүгін таусылмасы белгілі. Қолынан келсе жақсылық жасап, кішіге аға, үлкенге іні болып жүретін жақсы қасиеттерін үнемі көріп жүрміз. Біреулерге істеген жақсылығын бұлдамайтын асыл қасиеті тағы бар.
Олай болса, сөзінен де, қолынан да іс келетін жүйріктің алдағы қызметіне сәттілік тілеп, осы қарқыныңнан тайма дегіміз келеді.
Бір сөзбен айтқанда Дәурен Қуанышұлы – нар тұлға, мықты азамат, «нағыз полковник»!
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы
ПІКІР ЖАЗУ