«Көзін ойып, тістерін жұлған»: Алматы тұрғыны қызының айуандықпен өлтірілгенін айтты

Фото: КТК

Алматының шетінде сөмкеден денесі табылған әйелдің өлімінің жай-жапсары белгілі болды. Марқұмның анасы белгісіз біреу 39 жастағы қызын азаптап, кейін айуандықпен өлтіргенін айтады. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі  КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның анасының айтуынша, күдікті жәбірленушінің көзін ойып, барлық тістерін жұлып алған. Әйелдің денесінде көптеген гематомалар болған. Сонда да күдікті өз кінәсін мойындамай отыр екен. Айыпталушы жан түршігерлік жаңалық ашылғаннан кейін екі күннен кейін қамауға алынды.

Марқұмның анасының айтуынша, күдікті қызымен бірге жалдамалы пәтерге барған. Ол жалдамалы пәтерден үш күннен кейін шығып, үйіне сөмке алып келген. Сосын жалға алынған үйден мәйіт салынған сөмкемен шыққан.

«Меніңше кінәлілердің бәрі ұсталған жоқ. Бұл іске пәтер иесінің де қатысы бар», — дейді марқұмның туысы.

Полиция сот-медициналық сараптама тағайындады. Тергеудің басқа мәліметтері жария етілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік оқиға айдың басында болған еді. Күдікті әйелдің денесін киімге орап, скотчпен байлап, сөмкеге салған. Сосын көпқабатты үйдің ауласына лақтырып жіберген. Кейіннен марқұмның есімі Гауһар Бақанова екені белгілі болды. Артында үш баласы және азаматтық некедегі күйеуі қалды.

«Бұл қылмысты бір ғана адам жасады деп ойламаймын. Қызымның бетінде сау-тамтығы қалмаған. Басында мен оны танымай қалдым. Оның көзін ойып, тістерін жұлып алған. Күдікті олардың ішімдік ішіп, демалуға барғанын айтады. Оның сөзінше, менің қызым душқа түсіп, сол жерде құлап қалыпты. Ал күдікті қорқып кетіп, мәйітті лақтыра салыпты. Егер солай болса, неге қызымның денесінде көгерген жерлері бар? Қызымды сөзсіз зорлап, азаптаған. Бұл іске жалға берілетін үй иесінің қатысы бар екенін білемін. Бірақ ол полицей болып жұмыс істейді. Сондықтан істің әділ тергелуін сұраймын», – дейді марқұмның анасы Жанна Тұрсынбаева.