21 қыркүйек күні Астанада синтетикалық есірткілерді таратушыларға қарсы бағытталған «Сатқындар» атты ауқымды науқан басталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл іс-шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз қалаларының көшелерін есірткілерді сатушылар мен олардың көмекшілерінен тазартуға бел буған 2 мыңнан астам адамды жинады. Сахнаға көтерілген спорт әлеміне танымал адамдардың қатысушыларды шешуші әрекетке шақырған сөздері ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ.
Атап айтқанда, «Дала Қырандары» ЖҚБ-і координаторларының бірі – Нұрғали Тұрсынғазиев бұл шараның қазақстандық жастар үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
«Біз бұл жерге қоғамымызға қауіп төндіріп отырған апат туралы айту үшін келдік. Синтетикалық есірткі біздің қалалардың көшелерін басып алып, ел жастарына қауіп төндіруде. Бұл уды таратып жүргендер қылмыскерлер ғана емес, олар Қазақстанның сатқындары! Біз оларға деген көзқарасымызды біржола өзгертуіміз керек», – деді қазақ күресінен Әлем чемпионатының жүлдегері Нұрғали Тұрсынғазиев.
Сондай-ақ, бірлестіктің координаторы жиналғандармен бұл өзекті мәселеге қатысты статистикалық деректермен бөлісті.
«Соңғы 5 жылдың ішінде еліміздегі нашақорға тәуелді адамдардың саны күрт өскен. Мәселен, 2018 жылы олардың саны 15 мың болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 200 мыңға дейін жеткен. Ал тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі сәйкесінше 10 есеге өсті. Бұл дегеніміз, бұл есірткінің жастар арасындағы танымалдығы арта түскенін дәлелдейді. Сондықтан біз шетте тұрмай, бұл зұлымдықпен күресуіміз керек. Себебі, бүкіл ұрпақ жойылу алдында тұр. Тек құқық қорғау органдарына ғана үміт артуға болмайды. Біз сатқындарға қарсы халықтық “соғыс” жариялаймыз және әркім бұл науқанға өз үлесін қосуы қажет!», – дей келе Нұрғали Тұрсынғазиев есірткілерді сатушылармен күресте Қазақстанның әрбір азаматы жауапкершілік танытуы керек екенін атап айтты.
Бұдан кейін сөз алған «Дала Қырандары» қозғалысының тағы бір координаторы ММА бойынша Әлем чемпионы Василий Тахтай жиын қатысушыларын сатқындарға қарсы жүргізілетін күрестің стратегиясымен таныстырды.
«Синтетикалық есірткі – бүкіл қазақстандық ұрпақты жойып жіберетін алапат апат болып табылады. Есірткіні сатушылар бұл біздің елімізді болашағынан айыратын ұрылар мен қылмыскерлер. Сондықтан біз қазақ жеріндегі әрбір сатқынның көшелерде көрінуге қорқатындай жағдай жасауымыз керек! Біздің мақсатымыз – есірткі сатып алуды барынша қауіпті және қымбат ету, яғни бұл бизнестің табысты болуын тоқтату. Біз олардың әдістерін қалай өздеріне қарсы қолдану керектігін білеміз және біздің жоспарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Біздің жұмысымыздың нәтижелеріменwww.satkyndar.kz сайтынан таныса аласыздар», – деді Василий Тахтай.
Іс-шараның ресми бөлігін Дүниежүзілік бокс сериясының (WCB) екі дүркін Әлем чемпионы Мерболат Тойытов аяқтады.
«Дала Қырандары» – нағыз істің адамдары, біз бастағанымызды орта жолда тастап кетпейміз. Былтыр Астана қаласында қолдан жасалған алкогольдік ішімдіктерге қарсы күресімізді бастаған кезде көптеген адамдар оның нәтижелі болатынына күмәнмен қараған болатын. Бірақ қазір апта сайын Астана қаласында рейдтер өтіп жатыр, жүздеген жастар қолдан жасалған ішімдік сатылатын нүктелерді анықтап, шаһарымыздың көшелерін аталмыш удан тазартуда. Сол сияқты біз есірткі сатушыларымен күресте нәтижелі әрекет етуге ниеттіміз. Біз Қазақстан үшін күресеміз. Сатқындарға қарсы шайқасымызда біз тек жеңіске жетеміз!», – деді Мерболат Тойытов.
Бұл науқанға Shiza, HiRo және 6elucci сияқты танымал әртістер қолдау көрсетіп, шараға қатысқан барлық азаматтарды еліміздің болашағы үшін батыл әрекет етуге шақырды.
Ауқымды акцияны қазақстандық қоғам қайраткерлері, әртістер мен спортшылар да қолдады. Олардың қатарында әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннес рекордттар кітабының және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников болды:
«Өздеріңіз білетіндей, Астанада ғана емес, бүкіл елімізде есірткіге тәуелділердің саны күрт өсіп жатыр. Бұл ,әсіресе, біздің жастарымызға теріс әсерін тигізуде. Сондықтан мен «Дала Қырандары» ұйымының жұмысын және олардың акциясын толық қолдаймын. Бұл жігіттер маңызды жұмысты қолға алып отыр. Біз күш-жігерімізді тек ортақ мақсатта біріктіре отыра ғана қажетті шараларды қабылдай аламыз», – деді қазақстандық алып күш иесі.
Шараның соңында «Рекавери-Павлодар» оңалту орталығының координаторы Сергей Лаптев жастардың назарын бұл мәселенің жылдар өткен сайын күрделене түскеніне аударды.
«Барлықтарыңыз бір-бірлеріңізге қараңыздар. Қазір дәл сіздер сияқты дені сау жастар еліміздің әр өңірінде есірткіге тәуелді болып, өлім ауызындағы хәлде тірідей шіріп жатыр. Біз үшін қоғамда есірткіге қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру үлкен маңызға ие. Ал халқымызды толық жойылудан тек бірігу арқылы ғана құтқара аламыз!».
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін қатысушылардан жасақталған жасақтар Астананың көшелеріне барып, есірткі сатушыларға қарсы белсенді күрестің іс-қимылдарын бастады.
ПІКІР ЖАЗУ