Балалар – ұлттың болашағы, ал олардың өмір сүру сапасы елдің әлеуметтік әділеттілігі мен экономикалық тұрақтылығының айнасы. Алайда Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да, балалар кедейлігі өткір әрі күрделі әлеуметтік проблема болып қалып отыр. Кедейлік тек табыстың төмендігін ғана білдірмейді, ол сонымен бірге білім мен денсаулық сақтау сияқты қызметтердің қолжетімсіздігі, дұрыс тамақтанбау, қауіпсіз орта мен бос уақытты тиімді әрі пайлалы өткізу алаңдарының болмауы сынды кешенді мәселелермен астасып жатыр.
Орталық Азия елдерінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын зерттеген агенттіктің нәтижелері Өзбекстан мен Тәжікстанның кеншілер ауылдарындағы мәселенің тереңдігін айқын көрсетеді. Жұмыссыздық, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі мен балалардың қараусыз қалуы бұл елдердегі көптеген отбасылар үшін қалыпты құбылысқа айналған. Қазақстанда бұл мәселе бұлай ушығып тұрған жоқ дегенімізбен, әлеуметтік теңсіздік, ауыл мен қала арасындағы алшақтық, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың жағдайы әлі де алаңдатушылық тудырып отыр.
Ozgeris.info тілшісі Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі балалар кедейлігінің қазіргі ахуалы, себептері мен салдарын сарапшылар мен зерттеулерге сүйеніп саралап көрді.
Орталық Азия елдеріндегі балалар кедейлігі
Орталық Азияның көптеген ауылдық және индустриялық аймақтарында балалар кедейлігі терең әлеуметтік-экономикалық проблемалардың көрінісі. Бұл зерттеу нәтижелерінде анық көрсетілген. Аталмыш аймақтарда балалардың мектепке бармауы, дұрыс тамақтанбауы, денсаулық сақтау мен қауіпсіз ортадан қағылуы қалыпты жағдайға айналған. Әсіресе Өзбекстан мен Тәжікстанның шахтерлік ауылдарында балалар кедейлігі өткір күйінде қалып отыр. Өңірлер кеңестік кезеңде пайдалы қазбалар өндірісімен танымал болғанымен, қазір жүйелі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіруде.
Мысалы, Өзбекстандағы Алмалық пен Ангрен, Тәжікстандағы Зеравшан мен Пенджикент сияқты бұрынғы индустриялық орталықтар қазір әлеуметтік күйзеліс ошақтарына айналған. Бұл ауылдарда үй шаруашылықтарының табысы ұлттық орташа деңгейден 20–30% төмен, ал жұмыссыздық ересектер арасында 12%-дан асады. 2022 жылы Өзбекстанда күніне 3,2 АҚШ долларынан аз табыс табатын кедейлердің үлесі 5%-ды құраса, Тәжікстанда бұл көрсеткіш 26%-ға жетті. Ауылдық шахтерлік аймақтарда бұл сан 40%-дан асады. Тәжікстанның шалғай аймақтарында әрбір екінші отбасы таза ауыз су мен алғашқы медициналық көмекке қол жеткізе алмайды.
Білімге қолжетімділіктің шектеулі болуы да кедейліктің айқын көрсеткіші. Өзбекстандағы 7–14 жас аралығындағы балалардың 15%-ы, Тәжікстанда 20%-ы отбасына көмектесу үшін мектепке бармайды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау мәселесі өзекті болып отыр. 2021 жылы Өзбекстанда 5 жасқа дейінгі балалардың 11%-ы және Тәжікстанда 13%-ы созылмалы дұрыс тамақтанбаудан зардап шекті. Кеншілер ауылдарында бұл көрсеткіштер төмен табыс деңгейі мен сапалы азық-түлікке қолжетімділіктің шектеулігіне байланысты жоғары. Үшіншіден, балабақшалар мен бос уақыт орталықтары сияқты инфрақұрылымның болмауы қараусыздықтың өсуіне ықпал етеді. Жергілікті билік органдарының бағалауы бойынша, Өзбекстандағы кеншілер аудандарында 10–17 жас аралығындағы балалардың шамамен 8%-ы уақыттың көп бөлігін үлкендердің қарауынсыз өткізеді, бұл құқықбұзушылықтарға немесе қанауға тартылу қаупін арттырады.
Қараусыздық, әлеуметтік құбылыс ретінде, кедейлік пен отбасылық бақылаудың жоғалуымен тығыз байланысты. 1999 жылғы 25 маусымдағы Ресей Федерациясының федералдық заңы бойынша, қараусыздық ата-аналардың немесе қамқоршылардың өз міндеттерін орындамауы салдарынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылаудың жоқтығы ретінде анықталады. Өзбекстан мен Тәжікстанның кеншілер ауылдарында бұл бала еңбегі мен көше өмірінде көрініс табады. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сәйкес, Өзбекстанда 5–17 жас аралығындағы балалардың 7%-ы, Тәжікстанда 10%-ы негізінен ауыл шаруашылығы мен бейресми тау-кен өндірісінде жұмыс істеуде.
Бұл проблемаларға қарсы күресте мемлекетаралық бағдарламалар мен Ресейдің қоғамдық ұйымдары белгілі бір рөл атқаруда. Алайда бұл көмек көлемі шектеулі. Ресей жылына 10 млн АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсетсе, бұл Тәжікстан мен Өзбекстанға бөлінетін халықаралық көмектің 1%-ынан да аз. Бұдан бөлек, жергілікті билікпен үйлестірудің әлсіздігі, инфрақұрылымдық қамтудың төмендігі және ұзақмерзімді шешімдердің жетіспеуі жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермей отыр.
Қазақстан: Жасырын кедейлік — көрінбейтін балалар
Орталық Азияның көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда балалар кедейлігі аса күрделі болып көрінбейді, алайда мәселе елдің ішінде терең қабаттасқан түрде сақтауда, дейді мамандар. Сондай-ақ аталмыш проблема ресми статистикада жиі көрініс таппайды, яғни «жасырын» күйде қалып отыр.
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда кедейлік шегіндегі бала саны артқан. 2023 жылы елде 14 жасқа дейінгі шамамен 300 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүрген. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Халықтың табысы төмен аймақтарда балалар дұрыс тамақтанбау, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізе алмау сияқты проблемаларға тап болып отыр.
Қазақстанда әрбір үшінші кедей адам жоқшылықтың тұзағынан шыға алмайды. Бұл жағдай әсіресе балалар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Halyk Finance деректеріне сәйкес, қазіргі таңда балалардың кедейлік деңгейі 40%-ға жеткен. Бұл еліміздегі балалардың жартысына жуығы ең негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз ете алмайтын отбасыларда өмір сүріп жатыр дегенді білдіреді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайға басты себеп — халық табысының төмендігі, тұрақты жұмыстың жоқтығы және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жеткіліксіздігі. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын отбасылар жоқшылықты бастан кешіруде. Ақшаның жетіспеушілігі жақсы білім алуға мүмкіндік бермейді, ал білімсіз адам лайықты жұмыс таба алмайды. Әлеуметтік қолдау бағдарламалары, жәрдемақылар мен субсидиялар осындай отбасыларға көмектесуі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл көмектер барлық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз, әсіресе азық-түлік пен қызметтер бағасы үнемі өсіп жатқан жағдайда.
Табыстың өсуі кедейлікті тоқтата алмады. Қазақстанда халықтың табысы өсіп жатыр, алайда кедейлік онымен азайып жатқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың үшінші тоқсанында халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс 5,4%-ға жеткен. Қазіргі таңда елде табысы ең қажеттілерін өтей алмайтын адамдарың саны миллионнан асты. Ал ауылдық жерлерде кедейлік деңгейі 7,3%-ға жетіп отыр, қаламен салыстырғанда (4,2%) екі есе жоғары.
Көпбалалы отбасылар – балалар кедейлігінің негізгі ошағы
Қазақстандағы балалар кедейлігінің басты факторларының бірі – көпбалалы отбасылардың әлеуметтік осалдығы. Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелсе, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен санатқа жатады. Мұндай отбасыларда 5 немесе одан да көп бала тәрбиеленетін болса, табыстың жеткіліксіздігі баланың өмір сүру сапасына, денсаулығына және болашағына тікелей әсер етеді.
Көпбалалы отбасыларының мәселелері жетіп артылады. Тұрғын үйі, тұрақты табыс көзі жоқ. Медициналық қызмет пен білім шектеулі. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қажеттіліктерін өтей алмай отыр. Кей отбасыларда бұл көмек негізгі табыс көзіне айналып кеткен.
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 2022 жылы жүргізген зерттеуінде Қазақстандағы көпбалалы отбасылардағы балалардың 70%-ына жуығы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін үйлерде өмір сүретінін көрсеткен. Бұл әсіресе жалғызбасты аналардың жағдайын ушықтырып отыр. Материалдық қиындықтардан бөлек, психологиялық қысым, отбасындағы күйзеліс, әлеуметтік оқшаулану сияқты факторлар балалардың психоэмоциялық дамуына да кері әсер етеді.
Билік тарапынан көрсетілетін көмектің аздығы мәселені одан әрі қиындатуда дейді сарапшылар. Жәрдемақы, тұрғын үйге және балабақшаға кезекке тұру сынды мәселелер де ақсап тұр. Көптеген отбасылар жүйенің қателіктерінен кезегінен тыс қалып қояды. Жергілікті әкімдіктерде көпбалалы отбасылардың жағдайын тұрақты бақылап отыратын және нақты әрекет ететін тиімді жүйе қалыптаспаған.
Сарапшылардың пікірінше, табыстың өсуіне қарамастан кедейліктің артуы әлеуметтік саясаттың тиімсіздігін көрсетеді. Яғни, азаматтардың табысын арттыруды ғана емес, сондай-ақ негізгі тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды.
Статистика бойынша, Қазақстандағы барлық кедейлердің 90%-дан астамы – көпбалалы отбасылардың мүшелері. Кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың 40%-дан астамын балалар құрайды. Яғни әрбір алтыншы қазақстандық бала аз қамтылған отбасында өсіп келеді.
Көпбалалы отбасылар – әлеуметтік қорғалмаған ең осал топ дейді сарапшылар. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, үйдегі адам саны артқан сайын, кедейлікке тап болу қаупі де артады. 1-2 адамнан тұратын отбасылар арасында кедейлік деңгейі өте төмен (0,5%-дан аз), ал 4 адамнан тұратын отбасыларда бұл көрсеткіш шамамен 2,5%. Ал бес және одан да көп адамнан тұратын отбасылардың 8,92%-ы күнкөріс минимумынан төмен табысқа ие.
Яғни, әрбір оныншы көпбалалы отбасы кедейлік жағдайында өмір сүреді.
Неліктен көпбалалы отбасылар кедейлікке жиі тап болады деген сұраққа жауап анық. Мұндай отбасыларда әдетте бір ғана асыраушы болады. Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың жартысынан көбі жан басына шаққанда 60 мың теңгеден төмен табыс табады, ал үштен бірі – тіпті 5 мыңнан 30 мың теңгеге дейін ғана табысқа ие. Бұл деректер Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының зерттеулерінде келтірілген. Көпбалалы отбасылардың тек 70%-ында ғана бір ата-анада тұрақты жұмыс бар, ал ата-аналардың шамамен 35%-ында ғана жоғары білім бар. Яғни ондай ата-аналар айлығы төмен жұмыста немесе бейресми түрде еңбек етеді. Салдарынан соңғы жылдары көпбалалы отбасылар арасындағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны екі еседен астам өскен.
Балалар кедейлігі – болашаққа төнген қауіп
Кедейлік балалардың өмір сапасына теріс әсер етеді. Көпбалалы отбасылар ең қажетті азық-түлікті ала алмай, үнемдеуге мәжбүр. Мысалы көпбалалы отбасы 1–2 баласы бар отбасымен салыстырғанда орта есеппен:
- 6,5 кг ет,
- 2 кг балық,
- 16 кг сүт кем тұтынады.
Ірі қалаларда жағдай салыстырмалы түрде жақсы. Астана тұрғындарының тек 2,1%-ы, Алматыда – 3,5%-ы ғана кедей саналады. Ал еліміздің оңтүстігі мен батысындағы дамуы төмен өңірлері жоқшылық деңгейі бойынша көш бастап тұр:
- Түркістан облысы – 8,4%,
- Маңғыстау облысы – 7,9%.
Орташа алғанда Қазақстанда:
- Қалаларда кедейлік деңгейі – 3,6%,
- Ауылдарда – 6,8%.
Маңғыстау облысындағы ауылдарда бұл көрсеткіш 11,9%-ға жетсе, сол облыстың қалаларында небары 3,2%.
Оңтүстік-батыс өңірлердегі ауылдарда жұмыссыздық, ауыл шаруашылығының төмен өнімділігі мен инфрақұрылымның жоқтығы кедейліктің басты себебі болып отыр. Нәтижесінде Түркістан мен Маңғыстау облыстары жылдар бойы еліміздегі ең кедей аймақтар қатарында.
Тағы бір маңызды фактор — көші-қон мәселесі. Жастар мен жұмысқа қабілетті азаматтар қалаға жұмыс іздеп кетеді. Ал ауылдарда балалар, жұмыссыздар мен зейнеткерлер ғана қалады. Сәйкесінше, бұл ауылдарда кедейлік деңгейі тұрақты сақталуда. Сондықтан кедейлікпен күрес өңірлік теңсіздікті жоюмен және ауылдағы өмір сапасын жақсартумен тығыз байланысты.
Балалар мен отбасылардың кедейлігі – тек әлеуметтік көмек мәселесі емес, елдің адами капиталына инвестиция мәселесі. Экономикалық өсімнің игілігі бәріне бірдей тиіп жатқан жоқ. Бұл билік үшін ауыр сын. Сарапшылардың пікірінше, кедейлікпен күрес тек жәрдемақымен шектелмеуі тиіс. Себебі ел болашағы бүгінгі балалардың өмір сүру сапасына тікелей байланысты.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру