Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев солтүстік өңірде көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
«Солтүстік өңірлерге қатысты айтсақ, біз ұзақ уақыттан бері көлікпен жүріп келеміз. Мен кез келген солтүстік аймақта көлікті жылытуға бес минут жеткілікті деп айта аламын», – деді Нысанбаев үкіметтегі брифингте.
Министр экология саласы көліктің еш себепсіз артық минуттар бойы жұмыс істемеуін қолдайтынын айтты.
«Әрине, қыста зиян қалдықтардың мөлшері артады. Ал көліктің қозғалтқышы бес минуттан артық жұмыс істесе, олардың мөлшері одан да көбейеді», – деді экология министрлігінің басшысы.
Сонымен қатар министр өз көлігімен эксперимент өткізіп, көлікті қыздыруға қанша уақыт кететінін тексеруге уәде берді.
«Бүгін көлікті түнде далаға қоямын. Таңертең эксперимент жасап, нәтижелерін сіздерге міндетті түрде хабарлаймын», – деді Нысанбаев.
ПІКІР ЖАЗУ