«Талдықорған-Өскемен» автомагистралінен Арасанға дейінгі 77 шақырымның тоз-тозы шыққан. Облыстық маңыздағы тас жолдың біраз бөлігіне орташа жөндеу жасалып, асфальт төселген екен, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Талдықорған-Өскемен» автомагистралінен Көшкентал ауылына дейін 26 шақырым. Аталған аралықтағы жол құрылысы өткен жылы басталған. Сол кезде ескі асфальттың біраз бөлігі қырып алынғанымен орнына жаңасы төселмеді. Жүргізушілер қиыршық тас төгілген жолмен жүруге мәжбүр, деп мәлімдейді 24.kz телеарнасы.
Жүргізуші Қуат Гіміңбек жолда жиі дөңгелектер жарылатынын айтты.
«Ана жақтың бәрі былтырдан бері әлі жасалған жоқ. Тесік-тесік, келген қонақтардың дөңгелектері жарылып сондай әңгімелер болады. Ал Көшкенталдан Қапалға дейінгі 20 шақырым 2019 бен 2021 жылдар аралығында жөнделді. Алайда оның өзі бүлініп, кей жерлері ойылып жатыр», – деді ауыл тұрғыны.
Тағы бір жүргізуші Қуат Туматаев тас таситін ауыр КАМаздар жолды бүлдіріп кетеді деп отыр.
«Тас таситын Камаздар бар. Солар ойып, құртып кетеді жолды. Ойып-ойып кетеді. Амал жоқ жүреміз. Қиын ходовкадан ходовка қалмайды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар Қапал мен Көшкентал арасы мердігер есебінен қалпына келтіріле бастады деп отыр. Ал, Көшкенталдан «Талдықорған-Өскемен» автомагистраліне дейінгі жол құрылысы екі жылға жоспарланған», – деді Қуат Туматаев.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов 8 шақырымға асфальт жамылғысын төсеу жоспарда бар екенін айтады.
«Биылға аталған автомобиль жолдарын жөндеуге 500 млн теңге бөлінді. Негізгі жобаның жалпы құны 1 миллиард 300 миллион теңге. Осы жылы 500 миллион теңгеге барлық су өткізу құбырлары мен 8 шақырымға асфальт жамылғысын төсеу жоспарланып отыр. Келесі жылы қалған қаражат толығымен бөлінген жағдайда, қалған 18 шақырым жеріне асфальт төсеп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді Айдос Досжанов.
Қапалдан Арасан ауылына дейінгі аралықты жасау үшін басқармадағылар жоба әзірлеп жатыр. Құжаттама жұмыстары келесі жылы бітсе бюджетке өтінім бермек. Ал жаңадан төселген асфальтты гранит өндірушілер қайта бүлдірмес үшін жолға арнайы таразы орнатылды. Саладағылар құрылғыны осы күзде іске қосуды жоспарлап отыр.
ПІКІР ЖАЗУ