Көкшетаудағы Қопа көлі жағалауындағы құрылысқа бөлінген бюджет қаржысын ұрлау дерегі бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеп.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары 170 миллион теңгеден астам сомадағы қаржы жымқырды деген күдікпен Көкшетау қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімі, техникалық қадағалау ұйымы – «М-Строй проект» ЖШС және мердігер «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС-нің нақты иесін ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдіктілерге аса ірі көлемдегі мүлікті ысырап етті деген айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.
Тергеу барысында Астанадағы бағасы 95 миллион теңге болатын коммерциялық жылжымайтын мүлік тәркіленді. Прокуратура бұл мүлікті заңсыз жолмен алынған деп отыр.
Сонымен қатар, «Жағалау» жобасы бойынша кейбір жұмыстар Атбасар қаласындағы басқа құрылыс нысанына бөлінген қаражат есебінен атқарылғаны анықталған. Осыған байланысты бір күдіктіге Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі – қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру бойынша қосымша айып тағылды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталуға жақын. Соңғы шешімді сот шығарады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру