Кибербуллинг – бұл интернет немесе басқа да әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы біреуді қорқыту, кемсіту, қорлау, деп жазады ozgeris.info тілшісі.
Шариғатта біреуді қорқытуға, қорлауға, мазақ етуге, айыбын ашуға, кемсітуге тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَىٰ أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلَا نِسَاءٌ مِّن نِّسَاءٍ عَسَىٰ أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ ۖ وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ
«Уа, иман келтіргендер! Ешбір қауым екінші бір басқа қауымды мазақ етпесін! Бәлкім, солар (мазақ еткендері) өздерінен қайырлы болар. Әйелдер де басқа әйелдерді (мазақ етпесін) бәлкім, солар (мазақ еткендері) өздерінен қайырлы болар. Сондай-ақ өз-өздеріңді даттамаңдар әрі бір-біріңе жаман лақап тақпаңдар …».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман үшін мұсылман бауырын өзінен төмен санаудан (кемсіту, қорлау) асқан жамандық жоқ. Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға – харам». Тағы бір хадисте: «Мұсылманның мұсылманды қорқытуы – халал емес», – деген.
Әс-Сәфәрайни былай дейді: «Кімде-кім жолдастары мен достарының бірін жек көрсе немесе мазақ етсе не мүминнің бірін қорласа, кемсітсе ашық күнә жасапты».
Сондықтан кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне (сөз формасындағы буллинг, күш көрсету арқылы қорқыту, реляцион) тыйым салынады.
ШЕШІМ:
- Кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынады.
- Әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, оны бөлісу, сондай-ақ біреуді балағаттап, қорлап жазба қалдыру және оған ортақтасып «лайк» басу – күнә іс.
- Біреудің жеке жазбаларын, суреттерін, бейнежазбаларын шығарамын деп қорқыту, біреудің дінін не мәдениетін кемсіту және т.б. кибербуллингтің түрлеріне тыйым салынады.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
[1] Бұған өсек пен жалған ақпарат тарату, біреудің жеке жазбаларын, суреттерін, бейнежазбаларын шығарамын деп қорқыту, әлеуметтік желілерде біреуді қорлап жазбалар қалдыру және оны қолдап «лайк» басу, біреудің дінін не мәдениетін кемсіту т.б. жатады.
[2] Құртуби, «Әл-Жәмиғ ли әхкәми әл-Қуран», 16/328. «Әз-Зәуәжир», 2/33. «Хулуқу әл-муслим», 178. «Әл-Ахләқу әл-исләмия», 2/223. «Фәйду әлқадир шәрху әл-жәмиғ әс-сағир», 6/447.
[3] «Хұжұрат» сүресі, 11-аят.
[4] Бұхари, №6064. Мүслим, №2564.
[5] Әбу Дәуід, №5004.
[6] «Ғазау әл-әлбәб», 134.
[7] Реляцион булинг (әлеуметтік агрессия) – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Сондай-ақ реляцион буллинг түсінігін бір адам басқа жанның репутациясына кір келтіргісі келген, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді ойлап жасаған әрекетін сипаттағанда да қолданады.
ПІКІР ЖАЗУ