«Кімге, қанша, не үшін?» – Мобильді аударымдарға жаңа тәртіп келе жатыр

ozgeris.info

Қазақстанда мобильді аударыммен ақша алатындарға салық органдары жақында микроскоппен қарайтын болады. Жаңа тәртіп күшіне 2026 жылдан бастап енеді. Бірақ есептеу бүгіннен басталуы мүмкін, деп хабарлайды ozgeris.info.

Келер  жылдан бастап Қазақстанда мобильді аударымдар ерекше бақылауға алынады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, егер бір адам үш ай ішінде 100 түрлі адамнан 1 миллион теңгеден көп ақша алса – бұл салық органдарының назарына түседі.

– Бұл шаралар қазір мәжіліс қабылдаған Салық кодексі жобасына енгізілді. Сенатпен келіскеннен кейін, Ұлттық банкпен бірлескен бұйрық қабылдаймыз деп ойлаймын. Егер бұл нормаларды мамыр не маусым айларында қабылдаймыз десек, банктерден ақпаратты жыл соңында ғана аламыз. Яғни 2025 жылға қатысты деректерді 2026 жылы ғана бақылауға мүмкіндік болады. Біз тек жылына бір рет салыстырып отырамыз, – деді ол.

Бұл жаңашылдық негізінен мобильді төлемдер арқылы жүйелі табыс тауып жүргендерге қатысты. Күнделікті досыңыздан келген 2-3 мың теңге үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Ал егер картаңыз шағын кассаға айналып кеткен болса – дайын болыңыз, салық қызметі оны байқап қалуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін бақылау шегі 255 мың теңге болатын. Енді бұл сома төрт есе өсіп отыр. Ал депутат Азат Перуашев «Ақ жол» фракциясы атынан үш айда емес, бір айда 1 миллион теңге алатындарды ғана бақылау қажет деп ұсынды.