Киевте киллерлер қолынан қаза тапқан журналист Айдос Садыковтың жары, қазақстандық журналист Наталья Садыкова өзіне аңду қайта басталғанын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі КазТАГ агенттігіне сілтеп.
«Тағы да аңду байқалды», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Садыкованың айтуынша, алғашқы рет ол аңду белгілерін наурыз айында, балаларымен бірге Прагада жүрген кезде байқаған.
«Ештеңені жасырмай, мені және әңгімелесіп отырған адамдарымды видеоға түсіріп жүрді. Бұл менің паранойям емес – Прагада кездескен көптеген адамдар да сол «жүргіншілерді» байқаған. Киевке оралған соң, аңду жалғасты. Бірнеше рет үйімнің маңында күмәнді ер адамдарды көрдім, мені байқаса, бірден кетуге тырысатын», – дейді ол.
Садыкованың сөзінше, күйеуі Айдосқа да қастандық жасалар алдында ұзақ уақыт бойы аңду жүргізілген.
«Қастандықтан бір жыл бұрын көлігімізден трекер тапқанбыз. Қазір мен Украинада кәмелетке толмаған үш баламен жалғызбын, олардың жасы 5 пен 14 аралығында. Соңғы 11 жылда босқын мәртебесімен өмір сүріп келемін. Құқық қорғау органдары хабардар. Мені қорғауға жариялылық пен украин күш құрылымдарынан басқа ешкім жоқ», – деп мәлімдеді журналист.
Еске салайық, Айдос Садыковқа қастандық 2024 жылғы 18 маусымда Киевтегі үйінің жанында, көлікте отырған кезде жасалған. Белгісіз біреу оқ атып, оқиға орнынан жасырынған. Қасында болған әйелі – «Басе» оппозициялық жобасының тең авторы Наталья Садыкова аман қалған. Кейінірек журналисттің жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру