Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысының имамы Бахытбек Тәжімбеттің мас күйде ұсталып, қамалуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының имамы Бахытбек Тәжімбеттің 2024 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысының Бурабай кентінде автокөлігін масаң күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме таратты.
«Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды. Алла Тағала баршамызды жамандық пен өкінішті істерге жетелейтін нәпсі қалауының кесірінен сақтағай», – дейді ҚМДБ.
Еске салайық, Қостанайдың бас имамы Бақытбек Тәжімбет сот қаулысында жазылғандай «алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндегені үшін» 15 тәулікке қамалды. Сонымен бірге сот оны 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырған еді. Сот қаулысына сәйкес, Бақытбек Тәжімбет Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінің маңында масаң күйде Toyota Highlander көлігін айдап бара жатқанда ұсталған. Ол 23 шілдеден бері қамауда отыр.
ПІКІР ЖАЗУ