Биыл көктемде Павлодар облысында орманнан табылған шетелдік көпбалалы отбасы Ресейге депортацияланды, — деп хабарлайды Massaget.kz.
Жақында Павлодардағы сот 36 жастағы Ресей азаматын, көпбалалы әкені елден шығару туралы шешім шығарды. Сот кеңсесінің мәліметінше, ол көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, үш тәулікке қамауға алынып, кейін Қазақстаннан депортацияланған.
Сотта алты баланың әкесі өз кінәсін мойындап, бұрын да осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, бірақ материалдық жағдайының қиындығына байланысты сот тағайындаған айыппұлды төлей алмағанын айтты.
«Сонымен қатар ер адам балаларының құжаттарын реттеп жатқанын және азаматтық некедегі әйелі мен балаларымен бірге жақын арада Ресей Федерациясына кетуді жоспарлап отырғанын айтты», — делінген сот құжатында.
Сот қаулысында депортациялау мерзімі 2024 жылғы 22 қазанда аяқталады деп көрсетілген. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның хабарлауынша, ресейлік пен оның балалары еліне жіберілген. Бірақ кәмелетке толмағандардың анасы Павлодарға қайтуға мәжбүр болды.
«17 қазанда ата-анасы мен балалары Павлодардан Барнауылға кетті, бірақ құжат бойынша мәселе туындап, анасын Ресей Федерациясының шекарасынан өткізбеді. Қазір ол Павлодарда, оның төлқұжатының және визасының жарамдылығы өткен. Мәселені осында шешеміз. Шешкен бойда оны ұшақпен жібереді», — деп хабарлады Динара Зәкиева Tengrinews.kz тілшісіне.
Бұған дейін әйел алты кәмелетке толмағанның бәрі өз балалары екенін сот арқылы дәлелдеген. Әйел ДНҚ-тест тапсырды. Мамандар сонымен бірге отағасы ер адамның да балалардың өз әкесі екенін анықтады.
Осы жылғы мамыр айында сот көші-қон заңнамасын бұзған ер адамға 25 АЕК (64 610 теңгеге дейін азайтып) көлемінде айыппұл салды.
Ресей азаматы Қазақстаннан 2016 жылғы қыркүйекте кетуі керек болған, бірақ Павлодарда шетелдік құрбысымен заңсыз тұрған. Ерлі-зайыптының алты баласы: екеуі жергілікті перзентханада, қалғаны үйде дүниеге келген. Ер адам әйелді өзі босандырып алған.
Еске салайық, 2024 жылғы мамыр айында Павлодар облысы Кемеңгер кентінің маңындағы орманда ұйықтап жатқан шетелдіктер табылған болатын. Жергілікті тұрғындар балалардың жылаған дауысын естіген.
ПІКІР ЖАЗУ