Қазақстандық Есбол Сартаев мектеп бітірген соң 3 елде, 4 түрлі университетте білім алған. Бес тіл мен төрт түрлі мамандықты меңгерген. Сеулде Оңтүстік Кореяның ең үлкен банкінің бірінің бас кеңсесінде, Кореяның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеген. 42 жастағы азамат 7 жыл Оңтүстік Кореяда тұрған. Кейінгі 6 жылы Жапонияда өтті әлі де сонда тұрады. Бүгінде медицина ғылымдарының докторы Нагасаки университетінде жұмыс істейді, деп хабарлайды, Ozgeris.info тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Желідегі пабликтерде тараған ақпаратта «Қазақстанға келгенде бұл кісіге лайық жұмыс ұсынбапты, тіпті университетке оқытушы етіп алмапты. Есесіне Жапония жақсы маманды бағалап отыр» деген сөйлемдер болды. Дегенмен Есбол Сартаев бұл ақпаратты жартылай жоққа шығарды.
«Бұл онша шындыққа жанаспайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істедім. Жұмыс берді, бірақ дәрежесі төмендеу болды. Себебі ол кезде доктор дәрежесі жоқ еді. Оған қоса менің салам басқа, Қазақстанда зерттеу жасауым қиын. Тіпті ондай мамандық та жоқ. Мен білім алған сала бойынша Жапонияда мүмкіндік көбірек», – деді ол.
Есбол Сартаев Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Тұран университетінің бакалаврын бітіріп, Оңтүстік Кореяда магистратура, Жапонияда тағы бір магистратура және докторантура бойынша білім алған. Барлығы 17 жыл бойы 4 елде оқыған.
Ол Кореяның ең ірі банкінің Сеулдегі бас офисіне жұмысқа орналасып, Қазақстанда Корея банкінің өкілі ретінде бірнеше жыл бойы қызмет еткен. Сол кезде айлығы Кореядағы қызметкерлердің айлығы деңгейінде болыпты және компания үймен қамтамасыз еткен. Дегенмен ол Қазақстанда қолдау көрсететін таныстарың мен туыстарың болмаса, көп жағдайда төмен лауазымда, төмен жалақымен қаласың дейді. Есбол Сартаев еліне оралып, лайық орын таппай жүргенде оны шетелдік компания қайта жұмысқа алған.
«Қазақстанның азаматы бола тұра, елде экспат (шетелдік маман) болдым. Шыны керек, Корея банкінің өкілі ретінде өз елімде жұмыс істегенімде бір түсінгенім: Қазақстандағы банк коммерциялық болса да, қарапайым, танысы жоқ адамға жұмысқа орналасу өте қиын. Орналасқанның өзінде, төмен дәрежеде қызмет етесің және аз жалақы аласың. Танысың болмаса, Қазақстанда коммерциялық ірі компанияларға да жұмысқа тұру қиын.ҚазҰУ-ды қызыл дипломмен бітіріп шыққанмен, Қазақстандық мекемеде бағаланбадым, айлық төмен болды. Сеул Ұлттық университетін бітіріп келгенімде көптеген Қазақстанның компанияларына және мекемелерге түйіндемемді жіберіп, сұхбаттан өттім. Бірақ еш нәтиже берген жоқ. Сол жылдары отбасы құрып, бөпелі болдым. Бірнеше ай жұмыс іздеп қиналып жүргенімде менің бұған дейінгі Корея банкіндегі басшыларым Корея университетін аяқтағанымды естіп, Сеулдегі бас офиске қайта жұмысқа шақырды. Біраз уақыттан кейін лауазымымды жоғарылатты. Сонда қайтадан өз еліме оралғанда, лайық орын таппай, бағаланбай жүргенімде шетелдік компания қайта жұмысқа алған», – дейді ол.
Айтуынша, жақында оған Қазақстаннан бірнеше ұсыныс түсіпті.
«Содан кейн ғана көптеген ұсыныстар келіп түсті. Әсіресе мемлекеттік мекемелерден көп қоңыраулар келді. Мен бұрын қатты армандап, жете алмай кеткен дипломат қызметін де қарастыруды ұсынды. Алайда ұсыныстардың барлығынан бас тарттым. Шетелде тәжірибе мен білім алғаным, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты десем, артық болмайды. Шетелде оқығанымның мүмкіндігі Қазақстан кеңістігінде ғана емес, глобалды деңгейде кеңейе түсті. Шетелдіктер мені әрқашан да жақсы бағалайды. Жақсы жалақының арқасында өмірімнің сапасын көтеріп алдым. Содан тек шетелдіктермен жұмыс істеуге, соларға лайық білімді болуға ұмтылдым. Шетелдегі оқу орындарында білімімді әрі қарай жетілдірдім. Алғашында Кореяда, кейн келе Жапонияда оқыдым. ҚазҰУ-дағы тәжірибемді есептемегенде негізінен тек шетелдік компанияларда жұмыс істедім», – дейді Есбол Сартаев.
ПІКІР ЖАЗУ