Қазақстан құрамасы Португалияны жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына өтті

Футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы әлем чемпионатының 1/8 финалдық кезеңі аясында Португалияға қарсы ойнады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен матчта Қазақстан құрамасы есеп ашты. Ойынның 10-минутында Шыңғыс Есенаманов Қазақстан құрамасын алға шығарды. Ал матчтың 20-минутында Португалия құрамасының ойыншысы Зики Те есепті теңестірді. Ал 39-минутта Дәурен Тұрсағұлов жеңіс голын соқты.

Аталмыш турнирдің D тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы 7 ұпай еншілеп, екінші орынмен плей-оффқа шыққан болатын.

Алғашқы ойында Испаниямен 1:1 есебімен тең түссе, Ливияны 4:1 есебімен жеңген еді. Ал Жаңа Зеландияға қарсы үшінші ойында 10:0 есебін тіркеп, ірі жеңіске қол жеткізген болатын.

Айта кетейік, әлем чемпионатының ширек финалы 29-30 қыркүйекте, жартылай финалы 2-3 қазанда өтеді. Ал ақтық сын 6 қазанда Ташкентте өтеді деп жоспарланған.