«Қазақ жігіті таныстырды»: Тимати P.Diddy-дің шулы кештерінде болғанын мойындады

Фото: Flickr

ТМД елдерінде аса танымал ресейлік рэп орындаушы Тимати әлемге әйгілі P.Diddy-дің шулы кештеріне қатысқанын мойындады. Америкалық рэпер бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді, деп жазады ozgeris.info тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Тимати соңғы жағдайларға байланысты P.Diddy-ге қатысты пікір білдіріп, онымен қалай танысқанын айтып берді. Қызығы, рэпердің сөзінше, бұл таныстыққа қазақстандық ер адам септігін тигізген.

«Осыдан 15 жыл бұрын Сан-Тропеде мен бір қызық ер адаммен таныстым. Сол кезде жасы 50 шамасында болды. Ол Қазақстаннан еді. Бірақ соңғы 15 жыл бойы Нью-Йорк қаласында өмір сүрген. Ол көптеген спортшы мен әртісті таниды. Жұлдызды ортада жүрген еді. Сол адам маған P.Diddy-мен дос екенін айтты. Бірер күннен кейін мені рэпермен таныстырды. Одан кейін Париждегі концертінде көрістік. Ол жерге де мені қазақстандық азамат шақырды. Мен P.Diddy-мен дуэт жазуды армандағанымды жасырмадым. Оған ұсыныс жасағанымда, ол қуана қабыл алды. Себебі ол Ресейге келгісі келіп жүргенін де айтты», — деді Тимати.

Оған қоса ресейлік рэпер P.Diddy ұйымдастырған кештерде болғанын растады. Ол америкалық әріптесінің шақыртуымен екі шулы жиынға қатысқан.

«P.Diddy-дің шулы кештерінде болдым. Мойындаймын. Бір емес, екі кеште болдым. Бірінші жиын Лос-Анджелес қаласында болды. Ол жерде жаңа альбомының тұсаукесері болды. Қонақтарына жаңа туындыларын тыңдатты. Көңілді кеш рэпердің үйінде болды. Үйдің сыртында күзетшілер өте көп болды. Альбомды тыңдап, талқылап, суретке түсіп қайттық. Ол жерде адам сенгісіз жайттарды, есірткіні де көрген жоқпын. Бәрі тыныш болды. Екінші кеш өте ауқымды болды. Бұл жолы Diddy жұлдыздарды кемеде жинады. Танымал адамдар өте көп болды. Кино жұлдыздары, модельдер, спортшылар болды. Бәрі ішті, биледі. Бірақ бұл жерде де жантүршігерлік жағдайлар болмады. Кеште кәмелетке толмаған балалар болған жоқ», — деді Тимати ВКонтакте желісінде жариялаған видеосында.

Айта кетейік, жақында көпшілікке P. Diddy лақап атымен танымал рэпер Шон Комбс адам саудасы мен басқа да бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Ол 16 қыркүйек күні Нью-Йоркте ұсталып, қамауға алынды.