Осы апта қоғам қазақ халқының тағдырына тікелей әсер ететін алапат күнді бастан өткеретін болады. Сыртқы және ішкі аренадағы стратегиялық шешімдердің барлығын жазмыш бір күнге тоғыстырған екен. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жазды. Сондықтан ол күнді «Сындарлы сейсенбі» деп атаймыз ба, басқаша ат қоямыз ба, тарих қойнауына бір атаумен жіберу керек болады.
Әлемде барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бір жіптің ұшын тартсаң, екінші жерде тас домалайды. Домино принципіне келеді. Ресейдің Украинаға шабуылы Қазақстандағы экономикалық картинаға біршама өзгеріс енгізген болатын.
«Енді осы соғысты тоқтатамын деген АҚШ президенті Дональд Трамптың Сауд Аравиясы мен ОПЕК-ке мұнай бағасын түсіру туралы ұсынысы қазақ халқының мұнайдан алып отырған табысын кемінде 20-30 пайызға кемітуі мүмкін», — дейді сарапшы
Сауд Арабиясы валютада орасан резерв жинап алған және АҚШ-қа бұрын соңды болмаған инвестияция салуға ниетті болып отыр. Шейхтер мұнай бағасына бола Вашингтонмен тартыспайтыны анық. Және өздеріңіз түсініп отырғандай, Сауд Арабиясы Трампқа жауабын осыаптаның сейсенбісінде береді. Трамп мәлімдеме жасағанда брент баррелі бірден 4 доллар жоғалтты да, 78 долларға түсті. Бұл аптада Сауд Арабиясы мен ОПЕК жауабы келсе мұнай тағы да құлдырауы мүмкін.
Оның барлығы Қазақстанның экспорттық табысына әсер етпей қоймайды. Тек компенсация ретінде ОПЕК мұнай бағасын түсіру үшін шектеулерді алып тастауға келіссе, біз оны барынша пайдаланып Теңіз кенішінің кеңеюі арқылы мұнай өндірісі мен экспортты күрт көбейтуіміз керек.
«Ия, мұнайды арзанға, бірақ көбірек сатуға мәжбүр боламыз. Егер олай болмаса, экспорт табысы азайғандықтан төлем балансы нашарлап, теңгеге тек рубль ғана емес, мұнай жағынан да біршама соққылар болады», — деді Айбар Олжаев.
Ашығын айту керек, рубль бағамының теңгеге әсері бар екені байқалды. Фундаменталды болмаса да, психологиялық байланысы бар. Теңге/доллар жұбында операция жүргізіп отырған агенттер Ресей ақшасына көбірек қарап отырады. Олар рубль арзандай бастаса теңгені бірден сата кетуді әдетке айналдырған. Биржадағы теңге сатылымы көбейген сайын, доллар қымбаттай бастайды.
28 қаңтар – Ресейдегі салық аптасының шарықтау шегі. «Үлкен салық күні» деп аталады. Барлық өндіруші, ірі компаниялар салық төлей бастайды. Валюталар конвертацияланады. Дәл осы күні әдеттегідей рубль бағамы барынша күшейеді. Ал одан кейін, биржадағы үлкен операциялар көлемі біткеннен кейін, рубль қайтадан құлай бастауы ықтимал.
Ал рубль бағамы да, мұнай бағасы да синхронды түрде төмендей бастаса – теңгеге оңай тимейтінін бесінші сынып оқушысына дейін біліп отырғаны анық.
«28 қаңтар күні – Қазақстан 2024 жылдың экономикалық қорытындысын шығарады. Бастысы бұл емес. Сол күні еліміздегі экономикалық іс-әрекеттің жаңа сценарийі жарияланады деп күтілуде. Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық блок бойынша біршама өзгеріс пен реформаның анонсы жасалуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмірі өзгереді. Біз өзгереміз. Уақыт динамикасы артады. Сіз де оны сезінесіз», — деді қаржы сарапшысы.
ПІКІР ЖАЗУ