Каспий теңізінің Атырау мен Ресейдің Астрахань облысы шекарасындағы жағалауында тұтанған қамыс өрті 700 гектар аумақты шарпыды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 2 наурызда қамыс өрті Каспий теңізінің Құрманғазы ауданы аумағындағы жағалауында тұтанған. Ал, бұл аудан Ресей Федерациясының Астрахань облысымен шектеседі.
«Аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан 40 шақырым қашықтықта «Құрманғазы орманшылығы» КММ аумағындағы теңіз жағалауында қамыс өртенді. Жалын шарпыған аумақ – 700 гектар. Бүгін, 4 наурызда сағат 10.00-де өртенген аумаққа барлау жүргізу үшін «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілді. Өртті сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінен 12 құтқарушы, 1 мотопомпа, жол талғамайтын 1 ТРЭКОЛ көлігі тартылды», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Бұған қосымша «Құрманғазы Орман шаруашылығы» КММ-дан 25 адам, 4 мотопомпа, 5 моторлы қайық жұмылдырылған.
«Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр. Жалын жағалаудың сулы-батпақты аумағын шарпыған. Оған көлікпен баратындай жол жоқ. Бұл өртті сөндіруге қиындық тудырып отыр», — деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Фото: Атырау облысы ТЖД
ПІКІР ЖАЗУ