Қарағанды облысындағы жарты миллиардқа салынған үйлердің сапасы сын көтермейтін болып шықты

Фото: видеодан скрин

Қарағанды ​​облысының кәсіпкер-шенеуніктері Приозерск қаласында cалынған жаңа әлеуметтік үйлердің құрылысына жарты миллиард теңге жұмсаған. Алайда ол үйлердің жағдайы мүшкіл. Ал қаланың жаңа әкімі Мансұр Ахметовтің не болып жатқанын тіпті хабары аз, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Письмо Президенту телеграм арнасының жазғанына сүйенсек, халық үшін салынған үй бүгінде қаңырап, жарамсыз болып тұр.

«Бұған дейін Балқаш пен Приозерск қаласының жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Себебі жергілікті атқамінерлердің мұқтаж отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салған баспаналары жарамсыз болып шықты. Біздің осыған дейін түсірген бейнеролигімізге жауап болмады. Сондықтан өзіміз келіп «ханға сәлем бергендей» үйлерді тамашалауға келдік. Байқағанымыздай, шынымен де үйлер сұмдық сапада. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым тексеріс жүргізіп жатыр. Есіктерін жауып тастаған. Үйлердің сырты құлап, айналасының бәрі шұрық-тесік. Шынымен де жағдай мүшкіл. Ішінде де бітіп тұрған ештеңе жоқ. Бұл жерде өмір сүрудің өзі қауіпті. Осы тұста көкейімізді тесіп тұрған бірнеше сұрақ бар. Мына үйді шенеуніктер кім үшін тұрғызған? Қарасаң, ата жауларына арнап салғандай. Қарапайым халық үшін қызмет етіп жүргендерін неге естен шығарады?», — деді тілші Иван Стрижаков.

Жоғарыдағы сан сауалға Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов жауап беруге тырысты.

«361-бап бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында бұл қызмет лауазымдық өкілеттіліктерін дұрыс пайдаланбау болып табылады. Бұл істің не басында, не аяғында болмағаннан кейін қазір кім кінәлі, кімге қарсы жұмыс жүргізіліп жатқанын айта алмаймын. Бірақ жағдай бақылауда, алдағы уақытта ақпараттандыратын боламыз», — деді әкім.

Айта кетейік, Мансұр Талғатұлының қазіргі қызметіне кіріскеніне көп болған жоқ. Осыған дейін бұл орында Сапар Сатаев болды. Сапар Сатаевтың қираған үйлерді тұрғызуға қатысы бар ма деген сауалға қазіргі әкім төмендегідей жауап берді.

«Бұл үйлердің құрылысы өткен жылдың 23-мамырында басталды. Ал Сапар Сатаев содан үш күн бұрын орынын босатты. Сондықтан ол бұл процеске ешқандай әсер ете алмайтын еді», — деді ол.

Бірақ мемлекеттік сатып алулар мен конурстар бір күнде шешілмейді ғой, деген журналист сұрағына әкім бұл туралы жер учаскесінен және басқа да қатысы бар органдардан нақтылап сұрап, жауабын айтамын деп уәде берді.

Күн сайын сапасыз салынған үйлерге барып жүрсе де әкім қанша адамның жауапқа тартылып жатқандығынан бейхабар болып шықты. Осыдан кейін үйлер тұруға жарамды екенін алға тартты.

«Үйлер тұруға жарамды. Әрине, кемшін тұстары бар. Инвесторлармен арада келісім бар. Олар әлі де жұмысын тоқтатқан жоқ. Жылыту маусымы басталғанға дейін бәрі ретке келетін болады», — деді әкім.

Бұдан бөлек жарты миллиард ақша кеткен бұл үйлердің жыртығын жамауға мемлекеттен қаржы тартылмайтынына сендірді. Жұмыстың бәрін жауапты мердігерлер өз қалтасынан шығарған ақшаға аяқтайды екен.