Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100 пайызға толды, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су қоймасы Қытай аумағынан бастау алатын трансшекаралық Іле өзенінің суын жинайды. Биыл көктемде секундына 900 текше метрге дейін су келген. Мамандар мұнын себебін Тянь-Шань мұздықтарының еруі мен жауын-шашынның көп болуымен байланыстырады.
«Қапшағай су қоймасы соңғы рет 2014 жылы 100 пайызға толған болатын. Суару маусымы басталғалы Шеңгелді алқабының 6 мың гектар және Ақдала алқабының 28 мың гектар жеріне су берілуде. Бүгінгі таңда шаруалардың сұранысы бойынша секундына 750 текше метр су жіберіліп жатыр», — деді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Медет Керімжанов.
Қазір Қапшағай су қоймасында 16 млрд 200 млн текше метр су бар. Облыста вегетация кезеңі қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Одан кейін су тасқыны кезеңіне дайындық басталады.
ПІКІР ЖАЗУ