Канада, Қытай және Мексика Вашингтонның тарифтік саясатына тойтарыс берді

webinar.mcfr.kz

Мексика мен Канададан кейін Бейжің де АҚШ-тың елге импортталатын Қытай өнімдеріне қосымша 10 пайыздық салық салуына наразылық білдірген мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz  Global Times-қа сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, жуырда Трамп Канада, Қытай және Мексикадан келетін тауарларға қосымша баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған. Ресми себеп – мигранттардың көрші елдер арқылы заңсыз енуіне және тура сондай жолмен Қытайдан синтетикалық опиоидтердің ағылуына тосқауыл қою. Мексикадан келетін тауарларға белгіленген тарифтер энергия ресурстарын (10%) қоспағанда дәл Канаданыкіндей 25% болады. Қытайдан келетін тауарларға баж салығына қазірдің өзінде 10% қосылды.

Бұл жайсыз хабардан кейін Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ-қа қарсы Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсіріп, құқықтарын қорғау үшін қарсы шаралар қолданатынын мәлімдеді.

Канаданың премьер-министрі Трюдо АҚШ-тың 106,5 миллиард долларлық тауарларына 25 пайыздық баж салығын енгізетінін айтты.

«Ақ үйдің әрекеттері бізді біріктірмейді, арамызға жік салады», — деді Трюдо. Ол сондай-ақ канадалықтарды «америкалық емес, канадалық тауарлар мен қызметтерді тұтынуға» шақырды.

Мексика президенті Шейнбаум Экономика министріне қорғаныс шараларын қамтитын «В жоспарын» жүзеге асыруды тапсырған көрінеді. Оның анық-қанығы әлі белгісіз. Шейнбаум «Егер АҚШ есірткі тасымалдайтын және зорлық-зомбылық тудыратын қылмыстық топтармен күрескісі келсе» бірлесе жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. Ал проблемалар «тарифтерді енгізу арқылы емес, келіссөздер мен диалог арқылы шешіледі».