Жетісу облысындағы Көксу ауданы аумағында кәсіпкерлерге арналған QR код енгізіледі. Оған мобильді топтың сенім телефоны бекітілген. Құрылғы арқылы заңсыз әрекеттер туралы жылдам хабар беруге болады. Бұл туралы Көксу аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалы мен аудандық прокуратурасы ұйымдастырған жиында айтылды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо ақпараттық-сараптамалық порталы.
Прокурорлық қадағалау бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осыған байланысты ауданда мобильді топ жұмыс істейді. 2022 жылы аудан прокуратурасына 2 хабарлама түскен. Оның біреуі расталған. Жұмыс барысында 5 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 222 мың теңге қайтарылды. Ал, осы жылдың қаңтарында 16 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 1 100 000 теңге қайтарылды.
«Негізінде біздің ауданда 2 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Осы мобильдік топ құрылғаны жайлы хабар береміз. Біздің жұмысымыз прокуратурамен бірлесіп жүзеге асады», – деп Көксу аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Қуаныш Ағатаев атап өтті.
«Прокурор қадағалауының бірі кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осыған байланысты біздің аумақта Көксу аудандық кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкердің құқығын бұзған жағдайда олар код арқылы біздің мобильдік топ номеріне хабарласа алады. Процесс атарлықтай жеңіл болады» – деді Көксу аудандық прокуратурасының прокуроры Ялкун Исмаил.
ПІКІР ЖАЗУ