Университет ғалымдары жағымды жаңалық ашты. Қызылорданы күрішке бай мекен ретінде танимыз. Сол күріштен өндірілетін тағы бір пайдалы өнімнің бар екенін ғалымдар дәлелдей алды, деп хабарлайды Ozgeris.info порталы.
Stan.kz сайты мәліметінше, мамандар қарапайым күріштің қауызы мен сабағынан қағаз, белсендірілген көмір және биочар алуға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Қазіргі уақытта химиктер бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.
«Күріштің қауызы мен сабанын өртеген кезде ауаға улы газ тарайды. Бұл газ силикоз ауруын тудыратыны ғылыми негізде дәлелденген. Сол себепті күріш қалдықтарын пайдаға асырудың жолын қарастырған едік. Көптеген тәжірибелердің нәтижесінде дақылдың қауызы мен сабанынан биочар, белсендірілген көмір мен қағаз алуға болатынына көзіміз жетті», – дейді университет профессоры Нұрбол Аппазов.
Биочар дегеніміз – топырақтың құнарлығын арттырып, сапасын жақсартатын элемент. Бұл дүниені пайдаланған күрішшілер ауыспалы егістіктен бас тарта алады екен. Ғалымның айтуынша, биочар топырақтың ылғалдылығын да көбейтіп, мол өнім алуға септігін тигізеді екен. Бұл тәжірибе Португалия және Түркия елдерінде кеңінен қолданылып келеді.
«Күріштің қауызы мен сабанынан кремний диоксидін де алуға болады. Ол үшін спектрофотометр құралы керек. Мұнан бөлек, мұнай қалдықтарын пайдалану арқылы белсендірілген көмірді алдық. Әрине, бұл дәрілік зат емес. Негізінен канализациялық су мен күріштің суын тазалауға қолданамыз. Су тапшылығы кезінде бұл өте қажет дүние. Белсендірілген көмір десиликация және делигнификация процестері арқылы алынады», – дейді химик ғалым.
Нұрбол Аппазовтың сөзіне сенсек, ғылыми жобалар инвесторлар тарапынан айрықша қызығушылық тудырады екен. Әсіресе, күріштің сабанынан қағаз жасау бастамасын жергілікті кәсіпкер қолдап отырады. Бүгінде дақылдың қалдығынан әжетхана қағазы мен салфетка жасау өндірісі қолға алынып келеді.
«Жыл сайын облысымызда күріштен 500 мың тонна сабан қалдық ретінде қалса, қауыздың көлемі 100 мың тонна. Сол себепті бұл жобаларды жүзеге асыруда шикізаттан тапшылық болмайтыны айдан анық. Қазір біз бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарымызды жалғастырып жатырмыз», – дейді Нұрбол Аппазов.
Ozgeris.info порталы
ПІКІР ЖАЗУ