Ринат Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры репертуарына енген «Қамауда қалған арман» драмасының премьерасы 19 қазанда көрермендерге жол тартты (Өнертанушылар, журналистер, сондай-ақ Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова сияқты өнер майталмандары арнайы келіп тамашалады). 15 желтоқсан күні де сахналанды. Аталмыш қойылымның авторы және режиссері – Нұржан Тутов.
Қойылымда Жазира мен Қатираны сомдаған Марал Анарбек пен Жанерке Дүйсембиева нанымды ойын көрсетті. Өмірдің дауылы мен ауырына апаратын драманың негізгі қаруы да осы болғандай. Пьесаның фабуласын түсінген артистердің психофизикалары үндескен, амплуалары кең, шығармашылық әуелеттері шымыр.
Бақытты болуды армандаған екі әйелдің өмір тынысы контрасті, ішкі жан дүниелерінің арпалысы, тезіне салып, тәлкекке итерген тағдырлары қойылымның бояуын қалыңдатып, психологиялық тереңдікте өрбиді.
Жазира. Ажырасқан. Бір ұлы бар. Ол Америкада жұмыс істейді. Жазираның 10 жылдай ер адамы болмаған. Оқиғада ер адам үйіне қонаққа келмекші болады. Үйіне енесі келіп қалып, ол келмейді. Бұрынғы күйеуін де қабылдамайды.
Қатира. Тұрмыс құрмаған. Жатақханада тұрады. Әкесі жоқ. Сексен жастағы шешесі және үш інісі бар. Өзі офисте пол жуады. Ауылдан мегаполиске арман қуып келген.
Екі әйелдің де ішкі трагедиясы ұқсас. Ол – жалғыздық. Осылайша тіршіліктен түсініксіз күйде жаза алғандай. Іштерінде қан жұтқан дерт болса да, ел қатарлы бақытты болғысы келеді. Күйеуге шығу, бала сүю, ана атану…
Заманауи театр декорациясы да біртіндеп көп дүниелерден бас тартуға келе жатыр ғой. Спектакльдің семантикалық жүйесінде сахна ортасында екі адамға арналып жайылған дастархан орын тепкен. Қабырғада ер адамның суреті ілінген. Сағат, сондай-ақ гүл тұр. Осылар-ақ Жазираның сағатқа қараумен жалтақтаған өмірін, күйеуін бір жағынан қимауы, ұлына деген сағынышын және гүл, яғни әйел бақытын іздеген әйел екенін абстракциялық бағытта бедерлеп тұрғандай. Метафизикалық нүктесіне апаратын қойылымның бейнелік шешімі сәтті ойластырылған. Қолында баяны бар Жандос Сауыт болса, ол радио.
Ер адамы әне-міне келеді деп, дамыл таппай тыпыр-тыпыр етіп жүргенде, біреу балконның есігін қағады. Балконда төсек жайма жамылған жартылай жалаңаш әйел көрінеді. Жоғарғы қабаттағы Сәкеннің әйелі келіп қалып, қашып шыққан түрі. Жазира қонағым келеді деп, Қатира киімсіз, тығырыққа тіреліп, мазмұндық қоржыны қым-қуыт оқиға басталады. Қатираны қуайын десе, жаны ашиды. Екеуінің жан-дүниелеріндегі күрделі атмосфера ашыла сөйлескендерінен көрермендер жүрегіне жетеді.
Жазираның күйеуі басқа әйелге кетіп қалған. Бір жылдан соң қайтып келгенде, кіргізбей қойған. «Мен оны жібермей қойдым… ақымақ…. кіргізгенде болатын ба еді? Сіз қалай ойлайсыз?», – деп Қатираға сұрақ қоюынан аласұрған көңілін ұққандай боламыз.
Қатира балконға шығып, киімі төбедегі балконнан салбырап жіппен түседі, Қатира ала алмай әлек болады. Балконнан құлап, қолымен балконның шетінен ұстап қалады. Айғайлайды… көмекке шақырады. Жазира даусын естіп, көмекке барады. Қолынан тартып, құтқарып шығарады. Екеуі дірілдеп, шошыған күйі, қатты демалып, ішке кіреді.
Жазира мен Қатира:
«Қатира: (жылайды ) Рахмет сізге… көп… көп рахмет.
Жазира: ( жылайды) Мен өзім қатты шошыдым.
Қатира: (жылайды) Маған өлуге болмайды… шешем, бауырларым бар ғой, оларды кім асырайды?
Жазира (жылап) Неге сіз бәрін асырауыңыз керек? Інілеріңіз жігіт емес пе, асырасын өз-өдерін.
Қатира: Күнде ішіп жүрсе қалай асырайды?!
Жазира: Сіз көмектеспей қойыңыз, өздері-ақ қимылдай бастайды.
Қатира: Олай да болады, бірақ кішкентай балаларын аяймын. Жиендерім ғой. Олар сондай сүйкімді, мені көрсе қатты қуанып, алдымнан жүгіріп шығады». Бұл – Қатираның бейнесі. Қатираның арманы көп ақша тауып, оларға көмектесу. Ал оның табысы да төмен. Сондай-ақ ол мұхитты көруді қалайды. «Мүмкін мені де бір күні ханзада кемесіне мінгізіп, алып кетер», – деп те қиялдап қояды. Кейде осылай бітпейтін проблемалардан қашып, басқа жаққа кетіп қалғысы келеді. Сәкен қосымша жұмыс тауып беремін деп уәде берген. Сол үшін кездескен. Бұл қыздың тағдыры неге бұлай болды, кім кінәлі? Әлсіздігін пайдаланған еркектер ме? Жалпы, көп нәрсені әйелдерге артып жатамыз… Әлде өзі ме? Қоғам ба? Тәтті өмірдің сұрауы қатты ма? Қанша жерден ұнамаса осы сұрақтар алдымыздан шығады.
Спектакльде ерекше мән беретін тағы бір деталь – білезік. Келін түсіруді аңсаған Жазира: «Құдай сол күнге жеткізсін… Білесіз бе, егер балам сіз айтқандай үйге келін әкеліп жатса, мен келініме, әжем мұра қылып қалдырған білезікті тапсыруым керек. Мен сізге қазір көрсетемін (шкафтан қобдишаны шығарады, оның ішінен таза күміс білезік алады да, Қатираға көрсетеді). Бұл білезікті менің әжеме оның әжесі берген, ал оның әжесіне оның әжесі, бұл өте көне білезік. Әжем марқұм қайтыс болар алдында маған беріп, осы білезікті келініңе тапсыр деді. Мен оның аманатын орындауым керек. Ол күн де келер…». Қазақ халқының өзіндік қалыптастырған ұлттық дәстүрінің бар екенін көрсетеді. Бұл да бір ұтымды шешім.
Лейтенанттың рөлінде – Нәсіпжан Басшыбай. Көршінің әйелі полиция шақыртқан. Бриллиант моншақ ұрланған. Қатираның Жазираның пәтеріне жасырынғаны да айтылған… Соңында білезіктің де орнында жоқ екені анықталады. Жазасы ауырлай түсетінін ойлап, байғұс қыз деп, қимаса да, білезік өзінікі, менікі емес деген жауап береді. Бұл көңілі дархан қазақтың қанына біткен қасиетін аңғартқандай. Қонағына соңғы малын да соятын қазағым-ай. Қатира: «Мен жәй… мұхит көргім келді. Арманым еді», – дейді. Білезікті неге ұрлады? Қазіргі ортаның әлеуметтік сыйқы ма? Жұтаңдаған рухани құндылықтарымыздың бүгінгі көрінісі ме?
Қойылымның финалы да көрермендерді күтпеген күйде қалдырады. Әркім өз қиял-көкжиегіне қарай сан түрлі ғып тұжырымдар.
Заманының қайсыбір сұмдықтарын ішіне түйген мәселелердің шетін шығарып, оларға жауап табуға тырысқан қойлымдағы арқау болған тақырып өте өзекті.
Спектакльдің көркемдік идеясы ашылған деген пікірдемін. Алаулы ойлы менмұндалап тұрған қойылымға келер көрермендердің көп боларына сенімдімін.
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі
ПІКІР ЖАЗУ