28-қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді. Отырыста былтырғы жылға қорытынды шығарылып, ағымдағы жылға жаңа міндеттер жүктелмек. Осы тұста саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Үкіметтің жұмысына баға беріп, 2025 жылы елімізді дамыту мақсатында қандай ұсыныстар айтылып, мәселелер көтерілетінін болжап көрді, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
Сарапшы сөзінің басын Трамптың таққа отыруымен бастады. Айтуынша, алпауыл елдегі президенттің кезекті ауысуы біздің Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймайды.
«Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатудың бір шешімі ретінде мұнай бағасын төмендету керегін айтты. Бұл – Қазақстанға кері әсер етеді. Әлі де болса, еліміздің мұнайға деген тәуелділігі жоғары деңгейде. Сол үшін 2025 жылы экономиканы әртараптандырудың жаңа стратегиясын қарастыру керек. Әйтпесе біздің инфляция да, экономиканың тұрақсыздығы да күшейе беретін болады. Сондықтан өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіпке ерекше назар аудару керек. Өйткені, ауылшаруашылық саласында экспорттық мүмкіндіктер өте көп. Одан кейін шағын және орта кәсіп мәселесін де қолға алу керек. ЖІӨ кем дегенде 5-6%-ға арттырған жөн. Бұл экономикалық қарым-қатынастың артуына тікелей әсер етеді. Бизнес ашуға деген бюрократиялық кедергілерді жоюға ұсыныстар жасалса деймін. Қазірдің өзінде қосымша құн салығын көтереміз деп айтып отыр. Ал ол шағын және орта бизнестің құлдырауына алып келеді. Осы мәселені ашық айтса деп сенім білдіремін. Бұл – маңызды», — деді Майгельдинов.
Саясаттанушының пікірінше, Үкімет отырында цифрлық экономика саласындағы мәселелер көтерілуі керек. Себебі, бүгінгі күннің негізгі тренді – IT саласы.
«Трамп өзінің инаугурациясында «Meta», «Tesla», «Amazon» сынды ірі компания басшыларының басын қосты. Осы жерден цифрлық экономикаға басты назар аударылып жатқанын түсінуге болады. Сол сияқты біз де цифрлы экономика мен инновацияны дамыту жолында нақты бір әрекетке көшуіміз керек. IT мен StartUp саласын бір жолға қою маңызды. Әлемдік тренд осы болып отыр», — деп жалғады сарапшы.
Қазбек Майгельдинов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін де айтып жүрген мәселелер 28-қаңтарда өтетін Үкімет отырысында қайта қаралу керек деп есептейді. Сонымен қатар, отырысқа қатысатын облыс әкімдерінен жауап алудың да маңызды екенін атап өтті.
«Президентіміз айтып жүргендей әлеуметтік әділеттілікті орнату керек. Оның ішіне аймақтық теңсіздік кіреді. Көктем мезгілі де таяп келе жатыр. Аймақтарды су басу қаупі тағы да туындауы мүмкін. Жалпы инфрақұрылым мәселесі қай деңгейде? Оны білу үшін аймақтарға ревизия жасап, облыс әкімдерінен жауап алу шарт.
Тоқаев қозғап жүрген Жасыл экономика мәселесін де көтереді деп ойлаймын. Энергияның қандай балама жолдары барын анықтаса екен. Өйткені бұл да біздің экономикалық тұрақтылығымызға тікелей әсер етеді», — деді ол.
Сарапшы 2024 жылы елімізде іске асқан оң жобалар туралы сөз қозғады. Айтуынша, шетелден инвестиция тарту жұмысы өткен жылы әдеттегіден қарқынды жүрді.
«Өткен жылы инфрақұрылым бойынша біраз жұмыс істелді. Қандыағашқа жол салды. Жезқазған-Қызылорда арасындағы, Қарағанды-Алматы бағытындағы ірі жол құрылысы әлі де жасалап жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатныда әлеуметтік төлемдер белгілі бір деңгейде жүрді. Бұдан бөлек шетелден инвестиция тартуда да оң өзгерістер байқалады. Десе де Үкімет жұмысында кемшіліктер басым болды. Бұл жерде инфляция деңгейінің жоғары болып қалуы жатыр. Өткен жылда өте жоғары көрсеткіш болды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігі төмендеп бара жатқандай көрінеді. Резонансты көріністерді көрмей отырмыз», — дейді Майгельдинов.
Сөз соңында саясаттанушы Қазбек Майгельдинов әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалуды не нәрседен бастау керек екені жөнінде өзінің ұсыныстарымен бөлісті.
«Ұлттық банктің ақша, несие саясатын күшейтіп, инфляция деңгейін төмендетуге қадамдар жасау керек. Екінші деңгейлі банктерді қарау қажет. Өйткені елдегі несие пайызы әлі де болсын жоғары. Мемлекет екінші деңгейлі банктерді қолдаумен қатар оларға талаптар да қою керек сияқты. Аймақтар үшін арнай инвестициялық және инфрақұрылымдық бағдарлама іске асса деген ұсынысым бар. Өйткені жүйенің бәрі ескіріп тұр. Сонымен қатар, баға шарықтап тұрған заманда адамдардың сатып алу мүмкіндігі төмендеп жатыр. Сол үшін ең төменге жалақы деңгейін өсірсе екен. Сөз соңында айтарым экономиканың драйвері – инновация. Сол үшін білім мен ғылымға ден қойып, мемлекет басшысы айтқандай нақты көрсеткіштерге жетуіміз тиіс», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 28 қаңтарда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.
Сонымен қатар Премьер-Министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.
ПІКІР ЖАЗУ