Кездесуді ашқан Ерлан Қошанов Елшіге былтырғы жылдың күзінде басталған Қазақстандағы дипломатиялық жұмысына табыс тіледі.
Мәжіліс Cпикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси-экономикалық серіктесі екенін және елімізге инвестиция салудан көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті.
– Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде сенімді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық табысты дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар арта түсуде. Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты шетелдермен іскерліктің кең мүмкіндіктерін ашады. Осыған байланысты біз Қазақстан нарығына швейцариялық серіктестерімізді шақырамыз, – деді Ерлан Қошанов.
Палата Cпикері Елшіге Мемлекет басшысының саяси реформалары туралы айтып, соның нәтижесінде бүгінде Мәжілісте алты партия мен бір мандатты округтен сайланған депутаттар бар екеніне назар аударды.
Елші Қазақстан мен Швейцарияның экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық білім беру саласындағы өзара іс-қимылының әлеуетін толығымен пайдалану керектігімен келісті. Оның айтуынша, парламентаралық ынтымақтастық біздің байланыстарымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Осы тұрғыда тараптар Мәжілісте және Ұлттық Кеңесте құрылған парламенттік достық топтарын, сондай-ақ комитеттер мен саяси партиялардың фракцияларымен жұмыс істеуге уағдаласты.
Елші екі елдің депутаттары тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей алатын бірқатар бағытты ұсынды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, суды үнемдеу, логистика және білім беру салалары бар.
– Швейцария жоғары кәсіби техникалық қызметкерлерді даярлауға мүмкіндік беретін дуалды білім беру жүйесімен танымал. Біздің тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болар еді, – деді Салман Бал.
фото: Жаслан ЖҰМАБЕКОВ
ПІКІР ЖАЗУ