Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзектілендіріліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және салалық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халықаралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралуда. Жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша халықаралық тәжірибе зерттелуде. Инвестициялық преференцияларды беру кезінде жобаның күрделілігіне және экспортқа бағдарлануына байланысты селективті тәсіл қолданылатын болады», — деді министр.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды кейіннен мониторингтеу және берілген преференциялардың тиімділігін бағалау бойынша тәсілдер көзделеді.
Өзектілендірілген тұжырымдама Ұлттық даму жоспары бекітілгеннен кейін қабылданады.
«Сонымен қатар министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, инвестицияларды ынталандырудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қолдау шараларын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Салық преференцияларын беру, атап айтқанда, құжатқа қол қойылған сәттен бастап корпоративтік табыс салығынан босату осы құралдың тартымдылығына әсер ететінін Инвестициялар туралы келісімдер жасау практикасын талдаудан көруге болады. Өйткені жеңілдік кезеңінің едәуір бөлігі жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңдеріне сәйкес келеді. Осылайша, корпоративтік табыс салығынан 10 жыл босатылғаннан кейін инвестор іс жүзінде 7-8 жыл ішінде, яғни объект пайдалануға берілгеннен кейін жеңілдіктер алады. Осыған байланысты Инвестиция туралы келісім жасасу аясында жобаны іске асырудың нақты басталуына сәйкес корпоративтік табыс салығынан босатуды қолдану ұсынылады. Бұл инвестор үшін салықтық пайдаларды анағұрлым әділ және теңгерімді бөлуді қамтамасыз етеді», — деді Нұрлан Байбазаров.
Фото: ҚР Үкіметі
ПІКІР ЖАЗУ