Инфляция өршіп барады. Халыққа биыл ипотека алу тиімсіз – сарапшы

Фото: rbc.ru

2025 жылы ипотека арзандайды ма? Қарапайым халыққа биыл ипотека алу тиімді ме? Бұл сұрақтардың жауабын сарапшыдан сұрап білдік.

Кез келген мемлекетте тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады, себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Осы мақсатта еліміз ипотеканың қолжетімді болуы үшін түрлі шаралар қабылдап жатқанына қарамастан, нарықтық ипотека әлі де қолжетімсіз.

Неге? Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, елімізде несиенің барлығы базалық ставкаға байланысты. Ал биыл базалық ставка төмендейтінінің ешқандай алғышарттары жоқ.

«Биыл ипотека арзандайды деп айта алмаймын. Барлығы базалық ставкаға байланысты. Биыл базалық ставка төмен түседі деген болжам жоқ. Себебі инфляция қайтадан өршіп барады. Сонымен қатар ҚҚС және жанармай бағасы да өсіп жатыр. Ал инфляция өзінен өзі түспейтінін ескерген дұрыс», — дейді маман.

Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін 15,25% деңгейінде қалдырды. Сәйкесінше, нарықтық ипотекада арзан ставкалар болмайды. Тек мемлекеттік жеңілдетілген ипотека ғана белгіленген түрінде қалады. Алайда бұл тек мұқтаж жандарға көрсетілетін мемлекеттің көмегі екенін ұмытпаған жөн. Мемлекеттік ипотека жалпы халықты қамти алмайды. Сондықтан жалпы халыққа биыл ипотека алу тиімсіз дейді сарапшы.

Осы ретте қызықты деректерге көз жүгіртейік. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сенсек, Қазақстан Еуропа елдеріне қарағанда ең жоғарғы ипотекалық мөлшерлеме белгілеген. Мысалы Латвия (6,65%), Польша (5,1%), Германия (1,85%), Англия (1,77%), Франция (1,13%), Италия (0,99%), Швеция (1,21%).

Сарапшының ойынша, еліміздің депозиттік-несиелік жүйесін Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді. Қазақстанда инфляция өте жоғары. Ол елдерде инфляция өте төмен, тіпті кейді олар экономикалық өсім көрсетуі үшін инфляцияны көтеруге қадам жасайды.

«Біз жоғарғы базалық ставка уақытында келеміз. Олардың базалық ставкасы төмен. Сәйкесінше, Еуропа елдерінде ипотекалық мөлшерлеме де төмен. Өз кезегінде, Еуропада депозит жинақтау тиімсіз, несие алған тиімді. Ал бізде керісінше, несие алған тиімсіз, ал депозит жинақтаған тиімді. Бұл жерде инфляция, дефляция, базалық ставка өте маңызды рөл атқарады», — дейді Айбар Олжаев.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас талдаушысы Рамазан Досовтың пікірінше коммерциялық ипотека жеңілдікті бағдарламалармен бәсекелесе алмайды.

Қаржыландыру көздеріне байланысты олардың баға шарттары айтарлықтай өзгеше:

— Жеңілдікті ипотека — республикалық бюджет, яғни салық төлеушілердің ақшасы (ҚҚҚ Отбасы банктің ипотекаларын меңзеп отыр).
— Коммерциялық ипотека — тек нарықтық қаржыландыру: банктер өздері нарықтан алатын ақшаны береді.

— Сондықтан мемлекеттік көмекті тек халықтың күнкөрісі төмен жіктеріне бағыттау маңызды. Бұл оларға экономикалық пайда әкеледі және жалпы нарыққа арналған тұрғын үйдің қолжетімділігіне әсер етпейді. 

Нарықтық ипотеканы жоғарыда көрсетілген деректермен салыстыруға келмейді, дегенмен елімізде төмен пайыздық мөлшерлемелер тек жеңілдетілген, халықтың осал тобына бағытталған бағдарламаларда кездеседі.

Мысалы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Әлеуметтік осал топтарға бағытталған бағдарламаның мөлшерлемесі – 2%. «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы 5% мөлшерлемеде тұрғын үй алуға болады. Бұл да табысы төмен отбасыларға арналған. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы әкімдік кезекте тұрған азаматтар ала алады. Ол – 5%. «7-20-25» бағдарламасы 7% мөлшерлемемен жаңа салынған үйлерді ұсынады.

Бәрімізге белгілі, жеңілдетілген тұрғын үй алу үшін қаншама отбасылар ұзақ жылдар бойы кезекте тұр. Мысалы 2024 жылғы деректерге сай, елімізде 645 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын кезекте тұрғандардың саны шамамен 50 мыңға артып келеді. Яғни, тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал топтардың қатары көбейіп келеді деген сөз.

Жеңілдетілген ипотека бағдарламаларына қатысу үшін кезекке тұру басты шарттардың бірі. Одан бөлек тұрақты тіркеу болуы маңызды. Қазақстанда ипотекалық несиенің басым бөлігі Отбасы банктен беріледі.

Ал ешқандай топқа жатпайтын, тұрақты табыс көзі бар халық амалы жоқ екінші деңгейлі банк арқылы жоғары мөлшерлемеде ипотека алуға мәжбүр. Себебі Ұлттық банк бекіткен базалық ставкадан төмен ешкім пайыздық мөлшерлеме ұсынбайды. Табысы шығынынан артылмайтын халық үшін пәтер алу қиын болып қала бермек. Ал сарапшылар жағымды болжам бермейді. Елімізде күн сайын қымбатшылық шарықтап бара жатқанын ескерсек, биыл нарықтық ипотекада ешқандай өзгерістер орын алмайды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2025 жылға болжам жасап, ипотеканы жеңілдету шараларымен бөлісті.

  • Инфляцияны баяулату. Төмен және тұрақты инфляция Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді, бұл банктерге ипотекалық мөлшерлемені төмендетуге негізі болады.
  • Халықтың нақты табысының өсуі. Бұл несие алушының кредит тәуекеліне байланысты.
  • Тек мұқтаждарға арналған жеңілдікті бағдарламаларды азайту.
  • Тұрғын үй секторындағы нарықтық механизмдерді екінші деңгейлі банктерге тең жағдай жасау арқылы қалпына келтіру.

Бірінші кредиттік бюро өткен жылдың несие нарығындағы басты оқиғаларымен бөлісті.

Ипотекалық портфель бір жылда 14,1%-ға өсіп, 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 6,7 трлн теңгені құрап отыр. Келісімшарттар саны 9,9%-ға, 627,6 мың бірлікке дейін артқан. Ал қарыз алушылар саны 600 мыңға жуық адамға жетіп, жылдық өсім 10,3%-ды құрады.

Ипотекалық несиенің өзекті портфелінің 60%-ға жуығын 2023 және 2024 жылдары алынған жаңа несиелер құрайды. Атап өтейік, өткен жылы бұл сегментте несиенің берілу белсенділігі едәуір артқан болатын. Рәсімделген келісімшарттардың жалпы көлемі жылдан жылға 27,8%-ға артып, 2,2 трлн тг жетті. Ал несие саны 18,9%-ға артып, 136,8 мың бірлікті құрады. Ипотека алған қарыз алушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда 21%-ға өсіп, 134 мың адамға жеткен.

Болашақтағы таргет қандай?

Қазақстан болашақта инфляцияны 5% көрсеткішке жеткізуге ұмтылады дейді сарапшы. Бұл көрсеткішке қол жеткізген уақытта, сәйкесінше, несие де 8-9% мөлшерлемеде беріледі. Нарықтық ипотека да арзандайды.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Хирург назвал злейшего врага холестерина и бляшек в сосудах!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Каждый диабетик в г.Колумбус с 15 февраля имеет право получить...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Эндокринолог: «Диабетикам можно есть сладкое! Оказалось, сахар…