Илон Маск «ең ақылды жасанды интеллектіні» іске қосады

Илон Маск
aiplusinfo.com

Әйгілі Илон Маск xAI стартапымен Grok 3 чат-ботын шығаратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл «Жер бетіндегі ең ақылды жасанды интеллект» болмақ, — деп хабарлайды Ozgeris.info CBS19News деректеріне сілтеме жасап.

Илон Масктың Х әлеуметтік желісіне жариялаған мәліметіне сүйенсек, жасанды интеллект саласындағы xAI компаниясы өнімінің таныстырылымы 18 ақпанда Астана уақытымен 9:00-де (17 ақпан, 20:00 – Тынық мұхиты уақыты немесе 04:00 – Гринвич уақыты) өтеді.

Grok 3 қателерді талдап, логикалық сәйкестікті қамтамасыз ету үшін деректерді өңдеуге қабілетті. Маск бірнеше рет жасанды интеллектінің адамзат өркениетіне қауіп төндіретінін ескерткен, алайда бұл секторға инвестиция тарту бойынша белсенді әрекет етіп келеді.

xAI компаниясы 2024 жылдың желтоқсанында инвесторлардан 6 миллиард доллар тартқанын мәлімдеді. Инвесторлар қатарында америкалық венчурлық капиталистер, чип өндіруші Nvidia мен AMD, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Катардың инвестициялық қорлары бар.

Өткен айда қытайлық DeepSeek стартапы жасанды интеллект индустриясында үлкен серпіліс жасап, арзан әрі сапалы чат-ботты іске қосқан еді. DeepSeek қысқа мерзімде Apple қолданбалар дүкенінде ChatGPT-ден көп жүктелген өнімге айналды.

Осы орайда xAI нарықтағы жасанды интеллект секторында артықшылыққа ие болуды көздейді.