Атырауда 38 миллион теңгеге салық төлеушілердің ақшасына сатып алынған дәретханалар жұмыс істемей тұр, деп хабарлайды Оzgeris.info.
АқЖайықтың мәліметінше, 2020 жылы облыс орталығының әр ауданында бес қоғамдық дәретхана орнатылған. Оларды сатып алуға кәріз және электр желілерін қосқанда 38 миллион теңге кеткен.
Сол кезде жергілікті әкімдік, қоғамдық дәретханаларда қағаздан бастап гигиеналық құралдарға дейін болатынын мәлімдеген. Бастапқыда ол жердегі тазалық пен тәртіпке «Спецавтобаза» ЖШС жауапты болған. Кейін модульдік павильондарды басқару жекеменшік сенімгерлік басқаруға берілген.
Дегенмен мұнайлы астана тұрғындары қоғамдық дәретханалардың қазіргі күйі мүлде нашар дейді. Айтуларынша, Жеңіс саябағында кіре беріске жақын орнатылған алғашқы павильонда мәдениеттің иісі де сезілмейді. Ерлер кабинасы ашылып, адам төзгісіз сасық иіс пайда болған. Мұнда гигиеналық құралдар болмаған. Тіпті ерекше қажеттілігі бар жандар, әйелдерге арналған кабина құлыптаулы дейді. Басылымның хабарлауынша, Исатай мен Махамбет алаңындағы әйелдерге арналған қоғамдық дәретхананың бір бөлігі ғана жұмыс істейді екен. Бағасы – 50 теңге.
«Орал» мейрамханасының жанындағы дәретханада «Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр!» деген жазу қойылған. Ал «Авангард» шағынауданының соңғы аялдамасы мен Дина Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайының жанындағы дәретханалар да құлыптаулы. Ондағы дәретханалардың есігінің тұтқалары сынған”, – делінген басылымда.
Ал Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада бюджет қаражатына сатып алынған тоғыз қоғамдық дәретхана жұмыс істеп тұр.
«Қоғамдық дәретханалар инженерлік жүйелерге қосылмағандықтан және пайдалануға дайын болмағандықтан жұмыс істемейді. Қазіргі таңда үш қоғамдық әжетханада (Жастар саябағы, Неке сарайы, Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі) инженерлік желілерге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Ал Авангард, Исатай және Махамбет алаңдарының соңында және «Орал» мейрамханасының қасында орналасқан қоғамдық дәретхана нысандары кәсіпкерлік сенімгерлік басқаруға берілген екен.
“Олар дәретханаларды күтіп ұстауды, жөндеуді, тәулік бойы күзетуді қамтамасыз етуге, тазалық пен жинақы ұстауға міндетті. Сондай-ақ олардың қоғамдық дәретханаға кіретін азаматтардан ақы алуға құқығы бар. Тоғыз нысанның барлығы да қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Оларды күтіп ұстауға немесе жөндеуге бюджеттен ақша бөлінбейді”, – делінген хабарламада.
ПІКІР ЖАЗУ